Бас жаңалықтар
Жеңіс Қасымбек: Абай ауданында сүт-тауар фермасы салынуда
02 Қазан 2020, 21:40 139

Жеңіс Қасымбек: Абай ауданында сүт-тауар фермасы салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бүгін Абай ауданында жұмыс сапарымен болып қайттым. Сапарымызды Дубовка кентін аралаудан бастадық. Мұнда 4 мыңға жуық адам тұрады. Осы жылы ЖҚЖК бойынша мұнда стадион, жаяу жүргіншілер жолы және білім беру орталығы жөнделді. Аталған орталықта осы округтың 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балалары мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Облыстық бюджет есебінен кентте су құбыры желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деп жазды облыс әкімі.
Бүгінде Абай ауданында барлығы 50-ге жуық жеміс-көкөніс шаруашылығы бар. Олар облыстың тұрақтандыру қорын өз өнімдерімен толықтырып отырады. Жиналған өнімнің бір бөлігі ертең елордамызда өтетін жәрмеңкеге жеткізіледі.

«Шанс» ШҚ базасында заманауи құрама жем зауытының және астық пен шөп тұқымдарын алдын ала және бастапқы тазалауға арналған астық тазалау машинасының құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 3 200 тонна сүтті өндіретін 400 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы жүргізілуде.
Сапар барысында әйгілі Абай тігін фабрикасында да болып қайттым. Кәсіпкер Нұрхан Жұмабеков өзінің жеке қаражатын абайлық брендті дамытуға жұмсап, бұл күнде өндіріс орны біртіндеп қарқын алып келеді. Мұнда жылына 50 мыңға жуық тігін бұйымдары шығарылады. Қазіргі уақытта Абайда «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Топар кентінде 18 пәтерлі үй салынуда. Сонымен қатар биыл көпбалалы отбасылар үшін 14 пәтер сатып алынады. ЖҚЖК бойынша Абайда ТКШ және абаттандыру саласында 1,2 млрд теңгеге 42 жоба іске асырылып, 349 жұмыс орны құрылды. 15 елді-мекенде жолдар мен жарықтандыру ретке келтірілді. 9 білім беру нысаны мен 2 ауруханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Абай қаласының орталық ауруханасында пандемияның екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Науқастарды қабылдау және пульмонология бөлімі жөнделіп, газ толтыру станциясы орнатылды. Ауданда әлі де шешуді қажет ететін мәселелер баршылық, оларды біртіндеп шешетін боламыз, – деді облыс әкімі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...