Жеңілдетілген несие кәсібіме көп көмек болды – кәсіпкер

20 Маусым 2020, 14:56
2609
Бөлісу:
Жеңілдетілген несие кәсібіме көп көмек болды – кәсіпкер

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен "Бизнес Бастау" жобасы аясында кәсіп ашудың қыр-сырын меңгеріп, сондай-ақ, бизнес жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік алған азаматтар жеткілікті.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жоба басталғалы бері аймақта 3252 адам жеке кәсібін ашса, былтыр "Бизнес Бастауда" біліктілігін көтергендер түрлі қаржы институттарынан жалпы соммасы 392,4 млн теңгеге жуық жеңілдетілген несие алған. Кәсіпкерліктің бағыттары да сан түрлі. Жеке кәсібін ашып, өз ісімен айналысқандардың бірсыпырасы ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және халыққа қызмет көрсету саласын таңдаған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып ғана қоймай, халықтың сұранысын дөп басып, Қарқаралы ауданында заманауи қоғамдық тамақтану орнын ашқан Айзада Зейнолла бүгінде өз ісін табысты дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Айзада өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында біліктілігін көтеріп, өзінің бизнес жобасын қаржыландыру үшін жеңілдетілген несие алған.

Өзім Қарқаралының тумасымын. Орта мектепті аяқтағаннан кейін, жоғарғы оқу орнына түсіп, шет тілінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Қарқаралыға тұрмысқа шыққаннан кейін осында алты ай мамандығым бойынша жұмыс істедім. Одан кейін бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шықтым. Үйде отырған кездері уақытты қалай тиімді жұмсауға болатындығы жайлы ойлап жүретінмін. Сондай-ақ, отбасылық бюджетке менің де көмек көрсетуім қажет болды. Қандай іспен айналыссам деп көп ойландым, іздендім. Қандай тауардың, қандай қызмет түрінің сұраныста екендігін зерттедім. Ойлана келе кондитерлік тағамдарды пісіруді қолға алуды жөн санадым. Ең алғашқы шеберлік сабағын Қарағандыда оқыдым. Қарқаралыға келген соң бірден іске кірісіп, тапсырыстар қабылдай бастадым, - дейді жас кәсіпкер.
касип6.jpg

2014 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісіне бел шеше кіріскен Айзада кондитерлік тағамдарды алдымен үйде дайындаған. Кейіннен тапсырыс берушілердің қатары артып, Айзаданың қолынан шыққан дәмді торттар мен десерттердің дәмін татқысы келетіндер көбейгеннен кейін жалға ғимарат алып, кәсібін ары қарай кеңейтеді.

Конитерлік тағамдар аудан орталығында сұранысқа ие, клиенттерден түсетін тапсырыстар жеткілікті еді. Уақыт өте келе Қарқаралыда заманауи стильдегі әдемі кофехана неге ашпасқа деген ой келді. Әрине қоғамдық тамақтану орнын ашуға қажетті қаражаттың болмауы қолбайлау болды. Отбасымен ақылдаса келе, жеңілдетілген несие алуды жөн көрдім, - дейді Айзада.
касип7.jpg

Кәсіпкер келіншек «Атамкекен» кәсіпкерлер палатасының "Бизнес Бастау" бағдарламасы арқылы бизнес негіздерін меңгеріп, төмендетілген пайызбен несие алуға мүмкіндік алады.

Мемлекеттен 3 млн теңге көлемінде 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие алдым. Бұл қаржыға кофе дайындауға, кондитерлік тағамдарды пісіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алынды. Өткен жылдың тамыз айында кофеханамыз халыққа қызмет көрсете бастады. Әрине бәрі де оңай болған жоқ, қаржылық жағынан қиындықтар болды. Дегенменде, отбасымның қолдауының, содан кейін мемлекеттің демеуінің арқасында ісім алға жүрді. Жеңілдетілген несие кәсібіме көп көмек болды. Қазіргі уақытта тамақтану орны екі адам жұмыспен қамтып отыр, - дейді кәсіпкер.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Қарқаралыдағы кофеханада тәтті десерттердің түр-түрі, кофе мен шайдың бірнеше түрі, сондай-ақ, лимонад, морс сияқты шөл басатын сусындар ұсынылады. Қарқаралы тұрғындарының арасында сұранысқа ие кофехананың иесі Айзада бұнымен тоқтап қалмайтындығын айтады. Кәсіпкер келіншек қоғамдық тамақтану орнын үлкейтуді жоспарлап отыр, жөндеу жұмыстары басталып та кеткен.

 


Өзгелердің жаңалығы