Жазда егілетін тұқым дайын

18 Сәуір 2021, 18:50
1645
Бөлісу:
Жазда егілетін тұқым дайын

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысы аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабын 761 мыңға жуық гектар аумаққа егу жоспарланып отыр екен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 26 мың гектарға артық.

Көктемгі дала жұмыстары туралы өңірдегі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов әңгімелеп берді. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы аймақта 398,3 мың гектар жерге дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егіледі. 5 мың гектар аумаққа қант қызылшасының тұқымын тастау көзделіп отырған көрінеді. 

Қазірдің өзінде кейбір аудандарда көктемгі дала шаруасы басталып кетті. Сондай-ақ биыл 60 мыңнан астам гектарға майлы дақылдар тастап, 55 мыңға жуық гектар аумаққа көкөніс-бақша дақылдарын отырғызамыз. Картоптың өзін 11,5 мың гектарға егеді шаруалар. 230 мыңға тарта гектар жерге мал азығы дақылдарының тұқымын себеміз. Осы жылдың өніміне қосылатын жалпы күздік дақылдар 165,5 мың гектарға орналасады. Мұның ішінде 164 мың гектары күздік бидай болса, қалғандары – күздік арпа мен рапс дақылдары. Бұлардың өсіп-өну көрсеткіші туралы айтсам, 59 %-ы жақсы, 35 %-ға жуығы орташа, аз-маз бөлігі қанағаттанарлық деңгейде, - деп атап өтті Қайрат Тілеубайұлы. 

Оның сөзінше наурыздың аяғында себер алдында өңделуге жататын 432,5 мың гектар егістік жердің басым көпшілігі өңделген. Қосымша көктемгі жер жырту жұмыстары да жоспарға сай жалғасып жатыр. Сонымен қатар 28,6 мың гектар жаздық масақты дәнді дақылдар себілсе, 2 мың гектар жерге көкөніс отырғызылыпты. Әлі 37 мың гектардан астам аумаққа көкөніс дақылдары егіледі. 2,7 мың гектар жерге көпжылдық шөп тұқымы себілген, енді 31 мың гектардың шамасында аумаққа осындай тұқым шашылады екен.

Көктемгі дала жұмыстарына 7,1 мың данадан астам ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда. Үкімет тарапынан өңірдегі шаруаларға 11,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген болатын. Мұның 1 300 тоннасы ақпан айында келіп қойды. Наурызда 4 615 тоннасын жеткіздік, мамыр айында 2 925 тоннасы, маусымда 2 733 тоннасы бөлінеді. Бүгінгі таңда жоспарланған 5,9 мың тонна дизель отынының 5,7 мың тоннасына қаржы аударылып қойды. Қазір операторлар 4,8 мың тонна жанар-жағармайды жеткізіп, шаруашылықтарға тарату үстінде. Нақтылай айтсам, аймақтағы 201 шаруашылыққа 1 354 тонна отын 158-160 теңгеден өткерілді, - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Аманов биылғы өнімге егілетін жаздық дақылдарға қажетті 72,5 мың тонна тұқымның толығымен дайын екенін мәлімдеді. Мұның 8 %-ы элиталық тұқым болса, 62,8 мың тоннасы үшінші репродукциядан төмен емес. Бұдан бөлек, Жамбыл облысындағы аттестатталған шаруашылықтарда 1 716 тонна сатылатын тұқым сақталған. Оның ішінде жаздық арпаның «Бәйшешек», «Вакула», «Сымбат», «Арна» сорттарының элиталық, бірінші, екінші репродукциялары және мақсарының «Иркас», «Мөлдір» сортты бірінші репродукциялы тұқымдары бар. 

Қазіргі таңда аудандардағы зертханаларға келіп түскен тұқымдардың көлемі 17 мың тоннаның шамасын құрайды. Мұның 16,4 мың тоннасы тексеріліп қойған. Нәтижесі мынадай: супер элиталық тұқым – 95 тонна, элиталық – 1 093 тонна, бірінші репродукциялығы – 5 946,5 тонна, екінші репродукциялығы – 7 173 тонна, үшінші репродукциялық тұқым – 2 517 тонна және төртінші репродукциялығы – 20 тонна, - деген жауапты маман өңірде су тапшылығын азайту мақсатында ағымдағы жылы су үнемдеу технологиясын 40 мың гектарға енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. 

Сондай-ақ егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,035 млрд теңге бөлініпті. Оған 30 мың тоннаның көлемінде минералды тыңайтқыштар сатып алынып, ауыл шаруашылығы алқаптарына пайдаланылмақ. Қазіргі кезде агроқұрлымдар тарапынан 2,2 мың тоннасы алынып, маңызды дақылдарға себілген. 

Қайрат Тілеубайұлының айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы арқылы «Кең дала» бағдарламасы белсенді жұмыс істеуде. Мәселен, құжат аясында қарастырылған 420,5 млн теңге қаржының бүгінде 242,6 млн теңгесін игеру үшін 36 өтінім түсіпті. Алайда, мұның 31-і мақұлданып, ауыл шаруашылығы тауар өндіруші субъектілеріне барлығы 226,1 млн теңге берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. 

Жамбыл облысы бойынша 2021 жылы үйірлі және саяқ шегірткелерге қарсы жалпы 67 130 гектар алқапқа химиялық өндеу жұмыстары жүргізіледі. Марокко шегірткесіне қарсы – 4 140 гектарды, итальяндық прусқа қарсы – 37 260 гектарды, азияттық шегірткеге қарсы 25 730 гектарды өңдейміз. Сонымен қатар саяқ шегірткелерге қарсы 7 105 гектар алқапты дәрілейтін боламыз, - деді Аманов.

Өзгелердің жаңалығы