Бас жаңалықтар
Жайықта балықтың қырылуы 8,5 млн теңгеден астам шығын келтірді
13 Наурыз 2019, 18:04 865

Жайықта балықтың қырылуы 8,5 млн теңгеден астам шығын келтірді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. 

«Балықтың жаппай қырылуы орын алған өткен жылдың желтоқсан айынан бері облыста ведомствоаралық комиссия құрылып, күні бүгінге дейін аталған комиссияның 8 отырысы және 20 өзара бірлескен отырысы өтті. Өздеріңізге мәлім, мұз астынан жалпы 108 тонна балық шығарылды. Оның 103 тоннасы облыстағы екі зауыттың қызыл балықтары болса, Жайық бойынан 4 тонна көлемінде ғана балық жиналды», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев. 

Ол 7 наурыздан бастап Жайықтың мұзы еріп, судың кері қайтуына байланысты жағаға шыққан шабақтардың өлекселері жиналғанын айтты. Наурыз айының соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталады деп жоспарлануда. 

«2019 жылдың 11 қаңтарына дейін жалпы 111,4 тонна балық жиналды және утилизацияланды. Оның ішіндегі 103 тоннасы «Орал-Атырау бекіре зауыты» мен «Луговое ат зауыты» кәсіпорындарында жасанды жолмен өсірілген бекіре балықтары екенін атап өткім келеді. Әрине, осынша үлкен көлемде бекіре балықтарынан айырылу өкінішті. Алайда, бұл жасанды жолмен өсірілгендіктен, олар Орал өзенінің табиғи популяциясына ешқандай әсер етпейді. Мұны өзара байланыстырмаған жөн. Егер, Орал өзеніне және су ресурстарының табиғи популяциясына қатысты айтар болсақ, онда өткен жылдың 7 желтоқсанынан 2019 жылдың 11 наурызы аралығында жалпы 8,6 тонна балық жиналды», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов. 

Ол 2018 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысы аумағының шегіндегі Орал өзенінің ихтиофаунасы 21 мың тоннаны құрағанын айтты. Қырылған балықтың бұл жалпы ихтиофаунадағы үлесі небәрі 0,04 процентті құрайтынын мәлім болды. 

«Шығын жайында айтсақ, балық қырылуының бірнеше ошағы болды. Соның бірі – Перетаска каналы. Бұл жерден 1 тонна 304 кг балық алынып, шығын көлемі 1 254 448 теңгені құрады. Орал өзенінде 8 тонна 646 кг балық қырылса, жалпы шығын 8 510 838 теңге болды. Ал «Жайық-Атырау» бекіре зауытында жалпы 1 тонна 700 кг балық қырылып, шығын көлемі 424 747 050 теңгені құрады», - деді Нариман Жүнісов. 

Аталған бекіре зауыты мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, келтірілген шығын көлемі бекітілген әдістемеге сәйкес есептелген. Ал, жеке бизнес нысаны болып табылатын «Луговое ат зауыты» шығын көлемін өз есептері бойынша анықтаған. 

Сонымен қатар, бүгін Мәжіліс депутаттары Жайықтағы балықтың жаппай қырылу проблемасын көтеріп, Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа сауал жолдады.

Атап өтсек, кеше ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуынақатысты түсініктеме берген болатын. Сенаторлар да былтырдан бастап осы мәселені көтеріп келеді. Тіпті мемлекеттен көмек те сұраған болатын.

Ақмарал Шағатай

Сізден жаңалық