Соңғы жылдары Жайыққа келген су мөлшері өте аз – инспекция басшысы

28 Сәуір 2021, 19:30
2018
Бөлісу:
Соңғы жылдары Жайыққа келген су мөлшері өте аз – инспекция басшысы
Сұхбат PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі трансшекаралық өзендердің бірі Жайық. Атырау халқын ауыз сумен де қамтып отыр. Өзен соңғы жылдары тартылып барады. Жергілікті халық дабыл қағып, Жайықтың жайына алаңдап отыр. Осы мәселе бойынша Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин мырзамен сұхбаттастық.

- Атыраулықтар Жайықтың жайына алаңдаулы. Өзенге келетін су мөлшері жыл сайын азайып барады. Осы мәселені шешу жолдары бар ма?

Алдымен Жайық туралы айтайын. Бастауы Ресей Федерациясында, яғни суының 70-80 пайызы жоғарғы ағысында жиналады. Өзеннің орташа көпжылдық су көлемі 9,46 млрд текше метр. Өзеннің арнасы тек көктемгі өр суы кезінде толады. Бұл кезде жылдық су көлемінің 70 пайызы шамасында ағады. Жайықтың жоғарғы ағысында, яғни Ресей Федерациясында ірі үш су қоймасы бар. Олар Верхнеуральский, Магнитогорский, Ириклинский. Жайық өзені бойынша су аз жылдар циклы 2006 жылдан бері қайталанып келеді. Ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша бұл цикл 2023 жылға дейін жалғасады. 2019 жылы жылдық келген су көлемі не бары 3,5 млрд текше метрді құрады. Бұл тарихи минимум, яғни орташа көпжылдық су көлемінен (9,46 млрд м3) үш есе төмен. 2020 жылы келген судың көлемі 4,3млрд текше метрді құрап, су аз жылдар циклынан шығу процесі басталды деп есептейміз.

- Өткен жылдары өзенді зерттеу жұмыстары басталуы тиіс болатын. Нәтиже берді ме?

Өзіңіз білетіндей өткен жылы бүкіл әлемді жаулаған коронавирус пандемиясы салдарынан бұл жұмыстар кеш басталды. Қазір Қазақстан Республикасы мен Ресей арасында ірі өзендердің бассейнінде зерттеу жұмыстарын жүргізу жол картасын орындау бойынша іс шаралар кестесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұны «Казгидромет» РМК , «Казсушар» және «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-ы жүргізіп жатыр.

- Атырау халқы осы Жайықтың суын ішіп отыр. Оған қоса көптеген кәсіпорын да пайдаланып жатыр. Бұл өңірде су көзінің тапшылығын туғызбай ма?

Жайық өзенінің орташа көпжылдық су көлемі 9,46 млрд текше метрді құрайды. Батыс Қазақстан облысы және Атырау облыстарының суды пайдалану мөлшері 971,3 млн текше метрді құраса, 2020 жылы нақты 552,8 млн теше метрді пайдаланған. Бұл бекітілген лимиттің 60 пайызы. Орташа көпжылдық су көлемінің 6 пайызын құрайды. Осыдан кейін өңірде су тапшылығы болмайды деп есептеймін.

Соңғы жылдары Жайыққа келген су мөлшері өте аз – инспекция басшысы

- Жайық трансшекаралық өзен. Ресейден бастау алады. Ал сол Ресей елі өзенді сақтап қалу үшін қалай әрекет етуде?

Ресейдің Орынбор қаласы тұсында Жайық өзенінің жағдайы Қазақстан территориясындағы күйінен де төмен деп айтуға болады. Себебі сулығының 50 пайызына дейін құрайтын Сақмара өзені Жайықтың Орынбор қаласынан төмен жерде құяды. Соңғы уақытта Орынбор қаласында Ресей тарапы бөгет салады деген әңгіме әлеуметтік желіде кең талқыланып жатыр. Әрине, бұл мәселе бізді де толғандырады. Сол себепті Жайық өзені бассейні бойынша жұмыс тобының кезектен тыс отырысында бұл мәселе талқыланып, Ресей тарапы іс жүзінде құзырлы органдарға қандайда бір жобалық құжаттар түспегенін айтты. Дегенмен Қазақстан тарапы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану туралы 2010 жылғы Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы келісімге сәйкес қандайда бір құрылыстар бастамас бұрын тараптар ортақ комиссияны хабардар ету керектігі жөнінде ескертілді.

- Қазір судың келу деңгейі қандай? Өткен жылдан өзгешелік бар ма?

Биыл негізгі гидрологиялық болжамға сәйкес көктемгі су тасқыны кезінде Ресей Федерациясынан 2,5-3,5 млрд текше метр көлемінде су келеді деп күтілуде. Судың деңгейі Орал қаласында 400-500 см дейін көтерілуі мүмкін. Бұл қалыпты деңгейден 191-91см төмен, былтырғы деңгейден 93-193 см жоғары.

- Бірнеше жылдан бері Атырау аймағынан су қоймасын салу ұсыныстары айтылып жүр. Бұл мүмкін бе? Қашан жүзеге асады?

Батыс-Қазақстан және Атырау облыстарының жер қыртысы ерекшелігіне байланысты Жайық өзені арнасында су қойма салу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті су деңгейін ұстап қалу үшін өзен арнасында үрмелі бөгет салу мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептейміз.


Өзгелердің жаңалығы