Жауап қабылданбайды. Аймағамбетов Білім басқармалары басшыларының жұмысын сынға алды

14 Қыркүйек 2021, 13:12
16646
Бөлісу:
Жауап қабылданбайды. Аймағамбетов Білім басқармалары басшыларының жұмысын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. БҒМ-нің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру мәселесін көтеріп, өңірлердегі Білім басқармалары басшыларының жұмысын сынға алды.

«Өрлеу» орталығының жұмысы жаңа бағыттар мен іс-шаралармен толығып отыр. Бастамаларына оң баға беруге болады. Абай атындағы ұлттық университетпен және Қыздар ұлттық университетімен бірлесе жаңа бағдарламаны қолға алды. Педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан IV курс студенттерін оқыту мәселесі де маңызды. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша қажетті құзыреттіліктерді беру қажет, - деді министр.
Айтуынша, университеттер өздерінің әлеуетін көре отырып, «Өрлеумен» бірге аталған жұмысты бастап кеткені ректорлардың дұрыс жолда екенін көрсетеді.
Тағы бір маңызды мәселе - мектепке жаңадан келген жас мамандар үшін арнайы қолдау бағдарламасын жасау. Бұл жұмысты жүргізу керек. Орталық бағдарламаны әрі қарай дамытқаны дұрыс, - деді ол.
Министр атағандай, бұл - халықаралық зерттеулердің нәтижесінде жасалған арнайы бағдарлама.

Аймағамбетов Білім басқармалары бағдарламаны назарға алып, онымен жұмыс жасауға мүмкіндігі бар екенін айтты.

Педагогтардың цифрлық құзыреттіліктері бойынша жаңа онлайн курс дайындалды. Бұл онлайн курсты тамызда қарастырған болатынбыз. Республикадағы Білім басқармаларына тиісті тапсырмаларды да бердік. Бірақ бүгінгі күні 176 мың адам ғана қатысып, оның 112 мыңы ғана осы курсты бітірген. Қай облыстар жұмысты тиісті деңгеңде ұйымдастыра алмай отырғандарын көріп отырсыздар (слайд). Бұл жерде «Неге бұл жұмысқа қатыспай отыр?» деген сұрақ туындайды. Бұл қажет емес деп ойлайсыздар ма? Әлде цифрлық құзыреттілік бойынша көп жұмыс жасалып қойды деп ойлайсыздар ма? Қандай себептер бар? Тапсырма берілді. Оны орындау керек, - деп айтты бас ұстаз.
Аймағамбетов онлайн форматтағы аппарат жиналысы барысында Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының Білім басқармалары басшыларынан сұраққа жауап беруді сұрады.

Дегенмен тікелей эфир барысында аталған аймақ басшыларынан ешқандай жауап болмады.

Бағдарламаны бірінші рет қолданып отырған сияқтысыздар. Осындай бола тұра цифрлық құзыреттерді дамыту курстарына жұмысты ұйымдастырмайсыздар. Осы курстардан өздері түсініп, білуі үшін тиісті Білім басқармаларының басшыларын бірінші кезекте өткізу керек, - деді Асхат Аймағамбетов.
Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы Светлана Түлебаева министрдің сұрағына былай деп жауап берді:
Бастапқыда берілген сілтеме дұрыс ашылмай, екінші сілтемемен қатысу төмен болды. Бақылауда болады. Ауданда жұмыс бақылаусыз қалды. Мойындаймыз, - деді Түлебаева.
Аймағамбетов жауап қабылданбайтынын және тиісті жұмысты ұйымдастыру қажеттігін айтып, тапсырма берді.
Жамбыл облысында жергілікті бюджет есебінен ақпараттық құзыреттілікті дамыту бойынша курстар ұйымдастырылды. Курсқа қатысуды бақылауға алып, 100%-ға жеткіземіз. Мұғалімдер курсқа екінші рет қатысуды жөн көрмеді, - деді Жамбыл облысы Білім басқармасының өкілі Жәмила Бекбатырова.

Жауап қабылданбайды. Аймағамбетов Білім басқармалары басшыларының жұмысын сынға алды

Ал министр өз сөзінде Жамбыл облысы бойынша мониторинг жүргізілетінін айтты.

Онда облыстағы мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін анықтау бойынша мониторинг жүргіземіз. Егер цифрлық құзыреттілік тым көтеріліп, қажеттілігі жоқ десе, онда онымен де келісеміз. Бірақ тексеріс жүргізіп, оның нәтижесін қараймыз. Халықаралық зерттеулердің нәтижесі бойынша цифрлық құзыреттілік бойынша жұмысты әлі де жүргізу керек. Сондықтан жауабыңыз қабылданбайды, - деді министр.
Министр комитеттің және ақпараттық орталықтың басшыларына мониторинг жүргізуге қатысты тапсырма беретінін және оның нәтижесін осы аппарат жиналысында жариялайтынын айтты.
Жоспар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдер цифрлық құзыреттілік бойынша курстардан өтуде. Бізде жағдай жаман емес, - деді Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Сатқат Есенғагиев.
Асхат Аймағамбетов басқарма басшысына ескерту жасап, бүгінгі жиналысқа дайын еместігін айтты.
Цифрлық құзыреттілік бойынша жұмысты жүргізу керек. Қазіргі уақытта бұл жазу мен оқу, санау сияқты базалық құзыреттіліктер санатына жатады. Халықаралық талдаулардың, зерттеулердің нәтижелерін көріп отырмыз. Оны ешкім еріккеннен жасап отырған жоқ. Бұл - ақысыз дайындалған арнайы курстар. Мұнда Күнделіктен бастап, қашықтан оқытататын бағдарламалар, жалпы цифрлық құзыреттілік беретін Microsoft сияқты бағдарламалармен бірге дайындалған. Оны түсінбейтін болсаңыздар, орындарыңызда бостан-босқа отырсыздар деп айта аламын, - деп толықтырды бас ұстаз аппарат жиналысында.
Аймағамбетов айтқандай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру бойынша нақты тапсырма берді. Соның ішінде мұғалімдер 3 жылда бір рет біліктілік курстарынан өте алады.
Өзгелердің жаңалығы