Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорданың сот және құқық қорғау органдарының өкілдері жастардың санасында рухани-адамгершілік құндылықтарды, адалдық, әділдік пен әдептілік қасиеттерін қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылады.
«Адам құқығы – жастар нені білуі керек?» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында жастардың құқықтық санасын арттыру жолдары талқыланды.
Іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы бойынша «Жастардың құқықтық мәдениетін көтеру» әлеуметтік жобасы аясында «Партиялық емес байқау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жиынның ашылуында Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов жас азаматтардың құқықтық санасын арттырудың және жастардың патриоттық және азаматтық құндылықтарды түсінудің маңыздылығын атап өтті.
Өкінішке қарай, жастардың құқықтық саладағы сауаттылығының жағдайы өте күрделі күйде екенін мойындауымыз керек. Құқықтық білімі жеткілікті болмаса, жас азаматтар өздерінің заңды мүдделерін толықтай қорғай алмайды, - деп айтты Төлеген Күнәділов.
Оның сөзінше, жоба аясында еліміздің барлық өңірінен 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыратын іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Орталықта жалпы саны 7 мыңнан астам жас қазақстандық қамтылған 20-дан астам семинар-тренинг өткізілді, сондай-ақ заң құрылымдарының өкілдерімен бірқатар кездесу ұйымдастырылып, тегін заңгерлік кеңестер беру үшін жедел желі құрылған.
Нұр-Сұлтан қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Біржан Төрегелді кәмелетке толмағандарды құқықтық тәрбиелеуде отбасының алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот қызметінің ерекшеліктеріне сүйене отырып, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда отбасы институты жетекші рөл атқарады. Ата-ананың сүйіспеншілігі мен ықыласы жасөспірімнің толық еркіндігін қамтамасыз етуде және оның өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасауда емес, жасөспірімге салауатты өмір салтын қалыптастыруда, болып жатқан оқиғалардың мағынасын талдау және ар-ожданына сай әрекет ете білу, - деп айтты судья.
Іс-шара соңында қатысушылар бірқатар ұсыныс әзірледі.