Жастар жылы. Елбасымен кездескен жас кенші әсерімен бөлісті

25 Қаңтар 2019, 09:01
4094
Бөлісу:
Жастар жылы. Елбасымен кездескен жас кенші әсерімен бөлісті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 23 қаңтар күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Әлем» көрме кешенінде Жастар жылының ашылуына орай өткен шараға Қарағандының ең жас шахтері Даниель Дильде қатысып қайтты. «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында еңбек ететін Д.Диль Президентпен кездесуден кейінгі әсерімен бөліскен еді.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталатын салтанатты шарада еліміздің маңдай алды жастары бас қосқан болатын. Даниель Диль «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Костенко» атындағы шахтаның жерасты кенішінде еңбек етеді. 22 жастағы Даниель еліміздегі ең жас кенші ретінде осы кездесуге шақыртылған.

«Мұндай жоғары деңгейдегі шара көп жылдан бері алғаш рет өткізіліп отыр. Жиынға үкімет мүшелері, депутаттармен қатар студенттер, спортшылар, әртістер, блогерлер қатысты. Еліміздің талантты жастарымен бір қатарда тұрып, Мемлекет басшымен кездескенімді мақтан тұтамын. Кездесу барысында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар әртүрлі саладағы жетістіктерімен бөлісті, толғандырған мәселелерді көтерді, көптеген сұрақ қойылып, ұсыныстар, тың идеялар айтылды. Мысалы, еңбек ететін жастарды ақысыз оқыту, жас отбасыларға көмек көрсету, жастардың жұмысқа орналасуы, баспанамен қамтылуы сияқты мәселелер көтерілді. Болашақта бұл проблемалардың шешімін табатынына сенімім мол. Себебі, Жастар жылы – бұл бізге көңіл аудартудың бір жолы емес пе», - дейді жас кенші.

Даниель мектепті аяқтағаннан кейін Қарағанды политехникалық колледжінде «Есептеу техникасы және бағдарламалау» мамандығында оқыған. «Костенко» атындағы кеніште екі жыл бойы жерасты шахтасында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, аталған колледждің «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша білім алуда. Жас кеншінің бұдан бөлек ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де бар. Ол спорттық акробатикадан әлем кубогының қола медаль иегері, «Дарын» сыйлығының лауреаты.

«Елбасымен кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлының «өмірді, мансапты еңбек мамандықтарынан бастау керек» деген сөздері көңіліме қонды. Бұл сөздер мені қанаттандырды. Болашаққа жоспар құрып, өмірдің белестерін бағындыру өз қолымызда екенін түсіндім. Жастар жылы біз үшін, жас буын үшін мемлекеттен көмек пен марапат күту жылы ғана емес, жұмыс жасауға, еңбек етуге, асуларды бағындыруға үлкен талпыныс беретін жыл болады деп ойлаймын», - деді Даниель.

 

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы