Жастар жылы. Жандос Оразмаханов: Жастар жылы – жасампаздар жылы

23 Қаңтар 2019, 20:24
4598
Бөлісу:
Жастар жылы. Жандос Оразмаханов: Жастар жылы – жасампаздар жылы

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Жастар жылы, бұл – сананың жасаруы, креативті ойланып, заман көшіне бейімделе алатын жасампаз адамдардың жылы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов осындай пікір айтты.

Жандостың айтуынша, «жас» ұғымын адамның жасына тели бермеу керек. Ол жаңа дәуірдегі қоғамның тамырын дәп баса алатын адамдарды меңзейді.

«Ең алдымен, «жас» сөзінің дефинициясына тоқтала кетейік. Университеттегі студенттермен жұмыс істеп жатқаныма бір жарым жылдан асып барады. Соңғы төрт ай бойы сабақ беріп келемін. Бір таңқалғаным, кейбір жастар, яғни студенттер ізденгісі келмейді, болашақтағы жарқын күні үшін талпынбайды. Құдды асарын асап, жасарын жасаған үлкен кісілердей. Ой-санасы құлдырап барады. Ал керісінше, кейбір ұстаздарымыз өздерінің алпысқа, жетпіс жасқа толғанына қарамастан жаңаша ойлауға, заманауи тұжырым-пайым жасауға ұмтылуда, тіпті жаңа технологияларды қолданып, осы бағытта білімін тереңдетуде. Демек, меніңше, жас» ұғымын адамның жасына тели бермеу керек. Ол жаңа дәуірдегі қоғамның тамырын дәп баса алатын адамдарды меңзейді. Жастар жылы, бұл – сананың жасаруы, креативті ойланып, заман көшіне бейімделе алатын жасампаз адамдардың жылы. Сондықтан жастар Мағжан атамыз айтқандай, «айбатты», «жігерлі», «қайратты» деген теңеулерге лайық, жасына сай жұмыс істеп, әрекет етуі керек. Биыл жастарға бұрынғыдан да мол мүмкіндіктер ашылады. Тек соны пайдалана білуіміз керек», - дейді Жандос.

Оның айтуынша, бәсекеге қабілетті болу үшін, жастар жаңа формацияда ойланып, озық технология мен заманауи трендтерді қолданудан қашпауы қажет.

«Сыр өңірінде 2018-2020 жыл «кәсіпкерлікті қолдау жылы» екенін ескерсек, биыл «Жас кәсіпкерлер» жылы деп атауға болады. Қорқыт ата университетіндегі бизнес-инкубаторды басқарып, жұмысын жүргізіп отырғаныма 2 жылға жуықтады. Биыл облысымыздың әр ауданынан бизнес-инкубаторлар ашу жоспарлануда. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – республикадағы шағын бизнестің дамуына жастардың да үлесін қосу», - деп сөзін түйіндеді Жандос Оразмаханов.

Ибраш Әли

Өзгелердің жаңалығы