Жастар жылы: Астанада Универсиада басталды

13 Ақпан 2019, 18:17
2973
Бөлісу:
Жастар жылы: Астанада Универсиада басталды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жастар жылы аясында Назарбаев университетінің спорт орталығында елордадағы ЖОО студенттері арасында жыл сайынғы Универсиада басталды. 

Астанада универсиада 28-рет өткізіліп отыр. Қатысушылар спорттың 18 түрінен бақ сынайды: волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, шаңғы жарысы, қысқы Президенттік көпсайыс, жазғы Президенттік көпсайыс, шағын футбол, гір тасын көтеру, қазақ күресі, армрестлинг, жеңіл жүгіріс эстафетасы, стритбол, үстел теннисі, асық ату, шорт-трек. Биылғы шара ерлер арасындағы волейболмен ашылды. 

Астанадағы 12 жоғарғы оқу орны, яғни Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Астана медициналық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Еуразиялық гуманитарлық институт, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Тұран университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Назарбаев университет, Астана Университеті, М.Ломоносов атындағы МГУ қазақстандық филиалы және Қаржы академиясының студенттері мен магистранттары үздік спорт командасы атағын сарапқа салады. 

«Жарыс ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарабевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, республикалық және қалаларалық жарыстарға қатысу үшін талантты жас спортшыларды қалалық құрама командаға іріктеу, Астана қаласында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Бүгін ерлер арасында волейбол басталады. Әр спорт түрінен бөлек-бөлек спортшылар қатысады. Астанада орналасқан университеттерге алғысымызды айтамыз», - деді қалалық мәдениет және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Гүлшат Серікбекова. 

Алдағы жарыстарға Астана қаласының жоғары оқу орындарының спорттық дайындығы бар және медициналық тексеруден өткен құрама командалары (студенттер мен магистранттар) жіберіледі. Универсиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және сыйлықтармен марапатталады. Командалық спорт түрлерінен (стритбол, волейбол, шағын футбол) ойыншылар (ұлдар мен қыздар) «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылдаушы» сияқты үш номинация бойынша бағалы сыйлықтарға ие болады. Бұдан басқа, ең талантты жас спортшылар республикалық жарыстарға қатысу үшін елордалық құрама командаға қабылдануы мүмкін.

Айта кетсек, универсиадаға Астанада оқитын мыңнан астам студент қатысып отыр. 13 ақпанда басталған жарыстар 6 мамырға дейін өтеді.
Назерке Абибулла 
Өзгелердің жаңалығы