Бас жаңалықтар
Жастар жылы. Түркістандағы тарихи жұмыстарға жастар да атсалысады
05 Ақпан 2019, 12:59 1125

Жастар жылы. Түркістандағы тарихи жұмыстарға жастар да атсалысады

Түркістан, BAQ.KZ. Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылды "Жастар жылы" деп жариялағаны белгілі. Облыс орталығы атанған Түркістанды түрлентіп, қаншама құпиясы қойнауында бүркелген түркі жұрты кие тұтқан қасиетті мекеннің тарихи іздерін анықтау, жаңғырту  бағытында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалашығы маңайында археологиялық қазба жұмыстары басталып кетті. 

Осы орайда,  Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты мен Отырар аудандық Жастар орталығы бірлесіп алғашқы боп "Жастар жылына" орай бірқатар жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтыды.

"Жуырда ғана жарияланған Жастар жылына қолдау білдіру, аудан жастарын жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу, әлеуметтік жағдайларына қолдау көрсету мақсатында аудан әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен  жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңес мәжілісінің кезектен тыс отырысы өткен болатын. Аталған мақсатта қызу жұмыстар басталып та кетті. Ауданның 20-ға жуық жастарын киелі Түркістан қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарына алып келдік. Алдағы уақытта да бұл орталықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып, жас мамандар қажет болып жатса қамтамасыз етуге күш салатын боламыз. Ауданда қазір жұмыссыз жастар тізімі даярлануда. Түркістанды түлетуге қолдау білдіре отырып,  тиісінше басқа да салаларға қажетті жастарды түгелдей жіберуге атсалысамыз", - дейді Отырар аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Дәурен Ақсақалов.

Бүгінгі таңда,  Күлтөбеде еңбек етіп жатқан 80-нен аса археологтың басым бөлігін жастар құрайды.

"Отырар мен Түркістан бір-біріне жақын, әрі тарихы да тығыз байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімі Жастар жылымен ұштасуы да айтулы жағдай. Біз Отырар ауданының жастары тарихи жұмыстарға өзіміз белсене кірісіп, еңбегіміз арқылы қолдау білдіретінімізге қуаныштымыз. Көне қалаларды анықтау үшін ұқыпты, әрі зейінді болу басты орында.Жұмыс өте қызықты екен", - дейді отырарлық жас археолог Әли Сералиев.

Алдағы уақытта аудан әкімінің бастамасымен аудандағы жастардың еңбекке қабілеттігі ескеріле отырып, Түркістандағы қарқынды жұмысқа қажетінше жұмылдырылмақ.

Айта кетсек, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 88,7 гектар аумақта Ясауи рухын асқақтату мақсатында анықтау және тарихи қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты 17  қаңтардан бастап археологиялық қазба жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орны мен түрлі құнды жәдігерлер анықталуда.

Загрузка...

Сізден жаңалық