Жастар жылы: студенттерге нақты қандай көмек көрсетілді?

20 Қараша 2019, 17:47
11653
Бөлісу:
Жастар жылы: студенттерге нақты қандай көмек көрсетілді?
EX PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жанатбек Ішпекбаев BAQ.KZ тілшісіне Жастар жылында атқарылып жатқан істер жайлы айтып берді.

7.jpg

Проректор Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаннан бері көптеген іс-шара атқарғандарын, әсіресе "Рухани жаңғыру" бағдарламасын негізге ала отырып, түрлі бағыт бойынша жұмыс жүргізілгенін айтты.

Жастар жылында атқарылған істердің қатарында студенттердің өзін-өзі басқаруы, жастардың шығармашылығын дамыту, жемқорлыққа қарсы күрес сияқты көптеген жұмыстар атқарылды. Бастысы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға назар аударылып отыр. Мәселен, 2011 жылдан бастап бізде кураторлық жүйе алынып тасталды, орнына тәрбие жетекшілері жүйесі енгізілді. Биыл осы тәрбие жетекшілері жұмысын жандандыру мақсатында түрлі ережелер қабылданып, жаңашылдық бағытта көптеген істер жасалды. Бұл да Жастар жылында атқарылып, жасалып жатқан істердің бір тармағы, - дейді ол.

14.jpg

Жыл басында университет ректорымен бірге "Медеу" мұз айдынында жаппай сырғанау шарасын өткізіп, сол жерде Жастар жылының ашылуын үлкен салтанатпен өткізген. Оған 500-ден астам студент қатысыпты.

Біздің университетте жастардың 40-қа жуық клубы мен үйірмелері бар, оның 21-і спорттық клуб. Сонымен қатар, "Бірлік" ассамблеясы, "Сәкен Сейфуллин" атындағы бірлестік және бірнеше үйірмелеріміз бар. Міне, студенттердің бос уақытын дұрыс пайдалану үшін осы ұйымдардың жұмысын жандандырып жатырмыз, - дейді проректор.

9.jpg

Жастар жылы аясында ақпан айында "Менің пірім Сүйінбай" атты республикалық өнер фестивалі ұйымдастырылған. Соның аясында студент жастар арасында ақындар айтысы өтіпті.

Айтысқа еліміздің әр түкпіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. 70-80 жас ақынның ішінен іріктеліп, айтысқа 50-і жолдама алған болатын. Жас ақындар айтысында Қарағанды университетінен келген сөз шебері бас жүлдені иеленді. Оған елімізге танымал тұлғалар қазылық етті, оның қатарында барлығымыз білетін Жүрсін Ерман да бар. Ол жерде, сондай-ақ жастар форумы өтті, - дейді Жанатбек Ішпекбаев.

Сонымен қатар, ол биыл 500-ден астам студентке әлеуметтік жағынан қолдау көрсетілгенін жеткізді.

Мәселен, ақылы бөлімде оқып жатқан студенттердің төлемі қысқарды. Атап айтар болсақ, белсенді студенттерге 15 пайыз, әртүрлі топтағы мүгедектігі барларға және көпбалалы отбасыдан шыққандарға 30 пайыз жеңілдік жасалды, сондай-ақ 12 жетім баланы тегін бөлімге ауыстырдық. Сонымен қатар, жартылай жетім 270 студентке 30 пайыз жеңілдік жасалды. Әлеуметтік көмек бойынша университет қабырғасынан арнайы комиссия құрылған және бақылаушылар кеңесінің шешімімен осындай жеңілдіктер жасалды, - дейді ол.

10.jpg

Сөз арасында ол университетте жұмыс істейтін Ауған соғысының және Чернобль ардагерлерінің осында оқитын балаларына да көмек көрсетілгенін жеткізді. Сонымен қатар, ол студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне де тоқталды.

Бізде бес студенттік жатақхана бар. Олардың барлығының сиымдылығы 1996 адам. Жалпы университетте 7 мыңнан аса студент білім алады, солардың 37 пайызын біз жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз. Бір жатақхананы Қазақ-Британ техникалық университетінен жалға алып, 241 студентті орынмен қамтамасыз еттік. Кейбір симағандарын хостелдермен келісіп тұрғызып жатқан жайымыз бар, - дейді ол.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінде де негізінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына басымдылық берілген. Сондай-ақ, 1-курстың студенттерін де орынсыз қалдырмауға тырысатындарын айтты.

Биыл бірінші рет жатақханаға тіркелу онлайн режимде өтті. Онда бала жөнінде барлық мәліметтер бар, жаңа ғана мен айтқан критерилер бойынша студенттер сол жерден автоматты түрде іріктеліп шығады. Оған ешбір қызметкердің қатысы болмайды. Бәрі автоматты түрде жасалады. Әрине, жатақхана, орын жетіспеушілігі мәселесі бар. Қазір университет ректоры жер қарап жатыр, алдағы уақытта жаңа жатақханалар салуды көздеп отырмыз. Әзірге инвестор іздеу үстіндеміз. Дегенмен аса мұқтаж жастарды жатақханамен қамтамасыз етуге барымызды саламыз, - дейді ол.

Жастар жылы аясында университет қабырғасынан студенттердің SMART коворкинг орталығы ашылыпты. Ол жерде жастардың жаңашыл идеялары мен жобалары жан-жақты талқыланатын көрінеді.

Университет қабырғасынан биыл студенттерді қолдауға арналған SMART коворкинг орталығы ашылды. Ол жерде студенттердің жаңашыл идеялары, жобалары жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, елімізге танымал беделді тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылады, оның алғашқы қонағы Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибрагимов болды, - дейді ол.

12.jpg

Сондай-ақ, ол Ұлы тұлғалар орталығы ашылғанын жеткізді. Онда Ахмет Байтұрсынов, Асфендияров, Дулатовтармен қатар қазіргі көзі тірі тұлғалардың еңбектері талқыланып, олардың өнегелі өмірлері мен еңбектерін үлгі тұту үшін жастарға насихаттап отырады екен.

Шығармашылықпен айналысатын жастарды қолдау үшін Оразалы Доспосынов атындағы ақындар орталығын аштық. Оған Алматыдағы өзге университеттерде білім алып жатқан өнерлі жастар келіп, өз өнерлерін шыңдап отырады. Арасында елімізге танымал ақын Жүрсін Ерман келіп бағыт-бағдар көрсетіп, сабақ өткізіп отырады, - дейді Ж. Ішпекбаев.

13.jpg

Сөз арасында проректор Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы күрес комитетімен бірігіп "Ізгілік елшісі" атты әлеуметтік жобаны іске қосқандарын айтты.

Ол жерде біздің студенттерден жасақталған волонтерлер Алматы қаласының әлеуметтік бөлімімен байланыста жұмыс істейді. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, балаларын жалғыз өсі өсіріп отырған аналарға, қарттарға, мүгедек баласы бар отбасылардың үйіне барып көмек көрсетеді. Баладан шыға алмай отырған аналарға өз жұмысымен қалаға шығып келуіне жағдай жасайды. Жақында университеттің ұстаздары өз еркімізбен аз қамтылған отбасылар үшін тоңазытқыш, біреуіне теледидар, азық-түлік алып бердік. Волонтерлер қарттарды далаға алып шығып, бой сергітуіне қолқабыс етіп жатыр, - дейді ол.

Сонымен қоса, ол университетте волонтерлер тобы бұрыннан жасақталғанын және 500-ден аса волонтер бар екенін айтты.

Бізде халықаралық деңгейдегі волонтерлер бар, олар қалада өткен Азиада ойындарына, тіптен өзге мемлекетте өтіп жатқан спорттық шараларға барып қатысып жүр. Біз педагогикалық университет болғандықтан волонтерлеріміз мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектеп-интернаттармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Балалардың көңілін көтеру үшін концерттер мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады. Кейде өздері акция ұйымдастырып, одан түскен қаражатқа мектеп-интернаттардың қажетті заттарын алып беріп жатады, - дейді проректор.

Өзгелердің жаңалығы