Бас жаңалықтар
Жастар жылы: Мектеп түлегін не ойландырады?
04 Мамыр 2019, 20:18 1069

Жастар жылы: Мектеп түлегін не ойландырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп тағайындалғаны мәлім. Осы орайда мектеп ұясынан ұшқалы отырған елордадағы №84 мектеп-лицейінің 11 «А» сынып оқушысы Айдана Аxметқалиевадан оқушылардың ҰБТ-ға, мамандық таңдауға қатысты пікірін сұрадық.

– Айдана, өзің туралы қысқаша айтып берсең.

– Мен Аxметқалиева Айдана Жанатқызы боламын. Жасым 17-де, ұлтым қазақ. Қазіргі таңда №84 мектеп-лицейінің 11 «А» сынып оқушысымын. Ата-анам әскери қызметкер болғандықтан, жыл сайын жаңадан мектеп, сыныптарымды ауыстырып тұрдым. Осыған қарамастан, әрбір мектебімде өзімнің үздік оқушы екенімді дәлелдей білетінмін. Кішкентай кезімнен бастап шығармашылық бағытта көптеген байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болған кездерім де аз емес. Проза, поэзия оқығанды, шабытым келген кезде өлең шығарғанды ұнатамын.

– Мектеп бітіргеннен соң үлкен өмірге алғашқы қадам жасауда түлектерді алаңдататын факторлар туралы не айта аласың?

– «Дүниенің бір кірпіші болып қалану» – мектеп бітіретін түлектердің басты мәселесі, сондықтан бұл тақырып еш уақытта өзектілігін жоймайды деп ойлаймын. Өйткені өмір мектебіне жолдама алу, жоғары оқу орнын дұрыс таңдаудан басталары белгілі. Осыған орай үлкен өмірге алғашқы қадам жасауда түлектерді алаңдататын факторлар өте көп. Осы факторларға талдау жасау мақсатында түрлі ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, мектеп түлектерінің псиxологиялық аxуалына сипаттама беріп, олардың ҰБТ мен мамандық таңдаудағы өзіндік ерекшеліктерін анықтауға тырыстық.

– Санаулы күндерден соң «Тардай болып кіріп, таудай болып шығып бара жатқан» мектебіңді де бітіресің. Алдыңда – ҰБТ. Өзіңде қандай да бір қорқыныш, әлде үрей бар ма?

– «Жас түлектердің арманы – берекелі де баянды бақ, мазмұнды да мағыналы болашақ» деп ұстазымыз Ляззат Бахтиярқызы айтқандай, қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектердің есіл-дерті «Қайтсем де ҰБТ тапсырып, жоғарғы оқу орнына түсіп, қалаған мамандығымды меңгеруім керек» деген ой. Мен өзім 11-сынып оқушысы болғандықтан, мені де осы бір ойлар мазаламай қоймайды. Себебі ҰБТ – жоғарғы оқу орнына түсудің негізгі құралы. Бірақ біз тым шектен шығып қобалжып, бар болмысымызбен дайындықтарға беріліп кететініміз соншалықты, кейде айналамызда болып жатқан түрлі жағдайларға көз жұма қарап, елемей кете береміз. Мұның барлығы ҰБТ алдындағы қорқыныштың, үрейдің, алаңдаушылықтың белгісі. Ал бұл әрекеттер түлектерді үлкен псиxологиялық проблемаларға әкеліп соқтыратыны сөзсіз.

– Кез келген емтиxан, тестілеу, мейлі ол бақылау жұмысы болсын әр адам үшін үлкен күйзеліс. Бірақ, меніңше, бұл қалыпты жағдай. Ал балалардың, әсіресе, ҰБТ алдында қатты уайымдауына бірден-бір себеп – ересектер, яғни ата-аналардың өзі мен мұғалімдердің байбалам салуы. Бұған сенің көзқарасың қандай?

– Иә, шынымен, ата-ана мен мектеп мұғалімдері үшін де бұл тестілеу маңызды болғанымен, олар псиxологиялық қолдаудың орнына, керісінше түлектердің бойындағы үрейді асқындырып жібереді. Турасын айтқанда да бұл жағдайлар күнделікті басымыздан өтуде. Мысалы, жақында физика пәнінен беретін мұғаліміміз «Балалар, ҰБТ-ға бар күштеріңді салып дайындалмасаңдар, осы жылы өткізілетін тестілеуге 350 мың оқушы қатысқалы отыр. Ал олардың ішіндегі 73 мыңы ғана мемлекеттік грантқа ие бола алады» дегенде сыныптың ішінде отырған балалардың түрі бұзылып, терең ойға батып кетті.

– Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерге әсер ететін факторларды қарастырғанда, оған тигізетін отбасы әсерін айтып кетпеу мүмкін емес. Бұл туралы не айта аласың?

– 11-сынып оқушыларының өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі – болашақ мамандықты таңдау. Дегенмен, қазіргі таңда мамандық таңдаудағы соңғы шешім кейбір отбасыларда тікелей ата-аналардың қолына өткен. Әрине, әлі де 18 жасқа толмаған, енді ғана үлкен өмірге қадам басайын деп отырған балаға ақыл айтып, кеңес беру ата-ананың міндеті. Алайда, осы бір міндетке тым беріліп кеткен ата-аналар да баршылық. Олар өз пайдасын көздеп, баласымен аса санаспайды. Оған жақындап, ойын тыңдап, кім болар екен деп емес, өздерінің қалауы бойынша шешім қабылдайды. Бұл атадан келе жатқан дәстүр сияқты. Мысал ретінде Құнанбайдың сөзін келтіруге болады. «Менің жолымды қуады, ізімді басады, жұмысымды жалғастырады» деп өзінің баласы Абайды медреседен алдыртқан. Бұл тарихи шындық. Осының салдарынан көптеген балалар өздерінің келе жатқан тура жолдарынан тайып, шын мәнінде не қалайтындарынан айнып жатады. Осылайша, ата-аналар баланың бойындағы сенімді мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, баланың алдына қойған мақсатына жету жолдарын және осы жолда кезігетін түрлі қиындықтарды жеңу жолдарын түсіндіріп, стресстік қалыптан арылтудың орнына, керісінше, балаға псиxологиялық тұрғыдан қысым түсіреді. Көп жағдайда ата-аналар бұл әрекеттерімен балаларына ғана емес, сондай-ақ өздеріне үлкен қиындықтар тудырады. Себебі мамандық таңдау өте қиын екені белгілі.

– Мұндай жағдайда сен қандай кеңес берер едің?

– Адамның тағдыры қандай мамандықты таңдағанымен тығыз байланысты болады. Мамандық таңдаудағы басты фактор, бұл өзіміздің қалауымыз, яғни таңдауымыз өз көңілімізден шығуы. Баласының қабілетін байқаған ата-ана, баласымен және оның жасаған шешімімен толықтай келісіп, бірге әрекет жасайды. Сол үшін осындай қиындық туған жауапты сәттерде ғана ата-анасының тарапынан қолдау тауып, сенім артылған баланың ісі оңға басады. Қандай жағдай болмасын, баланың бойындағы өзіне деген сенімділігін арттырып, жасаған істерінен қателесіп жатса да, шыдамдылық танытып, барынша қолдау қажет. Осы бір себептерге байланысты мамандық таңдауда қазіргі уақытта ата-ананың баласына ерік беруі басты ерекшелік болып келеді.

– Мектеп түлектерінің сол Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты күйзеліске ұшырауының алдын алу үшін не істеуге болады деп ойлайсың?

– Сондықтан мамандық таңдауға байланысты 10-сыныптан бастап түрлі коуч, тренингтерді жиі өткізу керек. Ал ҰБТ-ға дайындық көп жағдайда нақты пәндерден алатын біліміне кедергі жасайды. Мектептерде рейтинг үшін әкімшілік көп назарды ҰБТ-ға бөледі. Сол себепті де 11-сынып оқушысы ҰБТ деген вакуумда өмір сүреді. Осыған орай оқушының психикасына ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсетін емтихан екенін дәлелдейтін, өмірде басқа да жолдар барын көрсететін психологиялық тренингтер өткізу қажет.

– Әңгімеңе рақмет! Алда келе жатқан ҰБТ-да саған үлкен сәттілік тілеймін!

Фото: дереккөз

Сізден жаңалық