Бас жаңалықтар
Жастар жылы. Ауыл. Айлық. Баспана, 2 млн теңге алғашқы көмек
08 Наурыз 2019, 12:23 238

Жастар жылы. Ауыл. Айлық. Баспана, 2 млн теңге алғашқы көмек

Астана, BAQ.KZ тілішсі. «Жастар жылы» аясында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлектері Қарағанды облысының Нұра ауданы Шахтерское ауылында орналасқан «Шахтерское» ЖШС-қа барды.

Кәсіпорын түлектерді шаруа қожалығына ауыл шаруашылығы саласына қызмет етуге шақырып отыр.

Аталған ұсыныс бойынша Шахтерское ауылында жұмыс істеуге ниет білдірген мамандар баспанамен қамтылып, алдағы 5 жыл бойы ауылдық жерде еңбек ететін болады.

Әуелі ауылдағы белді шаруа қожалығы «Шахтерское» ЖШС басшылары күтіп алды.

Бірден ауыл мақтанышына айналған жүзу бассейнін аралап көрдік. 

Барлығы талапқа сай, қолданысқа берілгеніне бір жылға да жетпеген, таза, ыңғайлы, тиімді бассейн жас мамандардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Мұнан соң ЖШС директорының орынбасары Виталий Проков студенттерді «Шахтер» ауылындағы спорт кешеніне ертіп келді. Мұнда да барлығы қолданысқа дайын. Ойын алаңы, көрермендер орыны барлығы ойластырылған.

«Біздің залдан шыққан ойыншылар облыста алдынғы қатарда. Өзім Алматыдан арнайы келіп осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Жас мамандарға жағдай жасалған» - дейді спорт кешенінің бас жаттықтырушысы.

Айтпақшы, ауылда ашық мұз айдыны да бар. Виталий Проковтың айтуына қарағанда алдағы жылдары жабық хоккей хортын салу жоспарда бар.

Видалий Георгиевич студенттерді ауылмен таныстырды.

Мектеп, балабақша, дәргери бөлімше, әкімшілік барлығы жаңа ғимаратқа көшірілген.

Ауылда 1100-ден астам тұрғын бар. Астана қаласынан 120 шақырым жерде орналасқан ауыл негізінен Қарағанды облысының Нұра ауданына қарайды. Аудан орталығы Нұра кенті (бұрынғы Киевка – тілші) де ауылдан не бары 25-30 шақырым жерде.

Мынадай үйлердің бірі ауылға келген жас маманға да беріледі. Тегін.

Айтпақшы, жас мамандарға берілетін жалақы да көңіл қуантарлық. Ең төменгі жалақы – 120 мыңнан басталады. Сондай ақ бір реттік 2 млн теңге көлемінде көтерме ақы да тағайындалған.

Әрине, ауыл басшылығы мен шаруашылық қожайындарының талабы да жоқ емес. Әуелі осы ауылда 5 жыл тұруы керек. Және мамандығы бойынша шаруашылық ұсынған қызметті атқаруы тиіс. 5 жылдан соң басқа жаққа көшем десе өзі біледі. Көшетін болса, берілген баспананы шаруашылыққа өткізіп кетеді.

Шаруашылық негізінен егіншілікпен айналысады. Соңғы 2-3 жылдан бері картоп егумен айналысып келеді.

Біз картоп қоймасына келгенде мұнда қайнаған жұмыс жүріп жатыр екен.

«Бұл жерде 8000 тонна картоп сақталған. Тағы бір қосалқы қоймада 12 мың тоннаға жуық картоп бар. Жалпы көлемі 20 мың тоннадай картоп қоры бар. Оны қазір өздеріңіз көріп тұрғандай ылғаймыз, қаптаймыз. Сосын тұқымдық және тағамдық деп бөліп, сатамыз. Қазіргі жағдайда картоптың 6 сортын өсіріп жатырмыз» - дейді қойма қызметкері Самат Құсайынов.

Мына жерден техника арқылы қоймадағы картопты алып, арнайы жылжымалы науамен сорттауға жіберіледі.

Шіріп кеткен, жарты, батпағы араласқан, бір сөзбен айтқанда жеуге жарамсыздары мына тіркемеге төгіледі. Ол тыңайтқышқа немесе түрлі комбикормға жіберіледі.

Ал сұрыпталған картоп осылай қапталып, қаптың аузы тігіледі.

Қапталған өнім қаз-қатар жиналады.

Сыртта картоп артуға кезекте тұрған жүк көліктеріне артылып, қаладағы сауда дүкендеріне жөнелтіледі.

Шаруашылыққа негізі экономистер, агрономдар, энергетиктер мен агробригада керек.

Қазірдің өзінде шаруашылықта 200-ге жуық адам жұмыс істеп жүр.

ҚазАТУ-дан шаруашылыққа келуге ниет білдірген 12 студент бар. «Шахтерское» ЖШС-ның басшысы Георгий Проков олармен жеке-жеке сөйлесіп, кімге қандай міндет жүктейтінін, шаруашылықтың жалпы жағдайын таныстырды. Өзіне қандай мамандар керек екенін айтты.

«Мен Астананың өзінде туып-өстім. Сіздерше айтқанда «асфальттің баласымын». Бірақ ауылдың тіршілігін көргім келеді. Ата-анам да бұл ойымды құптады. Мамандығым – энергетик. «Шахтерское» ЖШС-қа энергетик керек деген соң келгемін. Басшымен сөйлестік. Алдағы уақытта нақты шешімін айтады» - дейді 4 курс студенті Ілияс Қабылдинов.

Ауылдан қайтарда шаруашылық басшысынан студенттерді жұмысқа қабылдау жағы қалай болатынын сұрадық.

"Балалар сауатты. Өз ісін, өз мамандығын білетіні көрініп тұр. Алайда барлығы қазақ тілінде сөйлейді екен. Бұл маған ауыр болатын түрі бар. Дегенмен өзіме керек мамандарды таптым. Әсіресе отбасымен келгісі келіп отырған екі студент үшін мектептен және мәдениет үйінен орын шығатын секілді. Бір әттеген-ай, жастар қосымша берілетін 2 млн теңгеге көбірек қызығатын секілді. Бұл қынжылтады» - дейді Георгий Проков.

Университет баспасөз қызметінің жетекшісі Бердібек Қабайдың айтуына қарағанда қазіргі таңда 11 мың студент оқып жатыр.

«Өткен жылы бітірген түлектеріміздің 80 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл – Зейнетақы жинақтау қорының мәліметі бойынша. Осы жолы келген студенттер де жұмысқа орналасып кетеді деген сенімдеміз» - дейді ол.

Ержан Жаубай, фото - автордыкі

Сізден жаңалық