Бас жаңалықтар
Жастар жылы. 11 бағыт бойынша 100-ден астам жоба жүзеге асырылады
05 Ақпан 2019, 18:49 846

Жастар жылы. 11 бағыт бойынша 100-ден астам жоба жүзеге асырылады

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида әл-Ауадидің шақыруымен Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдері бизнес-форумына қатысты. Жиынға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің және басқа да кәсіпкер әйелдер қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Заид бен Сұлтан Нахаян орнатқан достық байланыстар Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасын жақындатып отырғанын атап өтті.

"Біз экономикада тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету ісінде айтарлықтай ілгеріледік. 2018 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша «әйелдердің экономикаға атсалысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен 32-ші орынды иеленді. Бізге цифрландыру ісіне баса назар аудара отырып, бизнес-қоғамдастықтардың экономика, сауда, технология және өзге де салалардағы ынтымақтастығын тереңдету қажет" – деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова экономикалық ілгерілеудің Жастар жылының басымдықтарының бірі ретінде белгіленгенін айтты. Бүгінде қыздар бизнеспен белсене айналысып, креативті стартаптар әзірлеуде. Жастар жылы аясында 11 бағыт бойынша 100-ден астам жоба жүзеге асырылатын болады.

Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова БАӘ Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида әл-Ауадимен кездесті. Әңгімелесу барысында әйелдердің мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту, сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігі институтын нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы БАӘ Федералды ұлттық кеңесінің төрайымы Амаль әл-Кубейсимен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелері қаралды. Қазақстанның да Әмірліктер сияқты Таяу Шығыста бәріне ортақ әділетті әрі берік бейбітшіліктің тезірек орнауына мүдделі екені айтылды. Тараптар екіжақты ынтымақтастық аясында Астана мен Абу-Даби өзара тығыз қарым-қатынастарды жалғастыра беретінін ризашылықпен атап өтті.

Сізден жаңалық