Жастар жылы. Әшімбаев: Жастар – еліміз үшін нағыз болашақтың энергиясы

23 Қаңтар 2019, 21:23
4199
Бөлісу:
Жастар жылы. Әшімбаев: Жастар – еліміз үшін нағыз болашақтың энергиясы

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев биылғы Жастар жылына қатысты пікір білдірді.

«Бүгін Елбасы «Жастар жылын» ресми түрде бастап берді. Салтанатты іс-шараның «Нұр Әлем» болашақтың энергиясы ЭКСПО-музейінде өтуі де тегін емес. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында білім алған, санасы ашық, тың идеяларға бай біздің бүгінгі жастарымыз – еліміз үшін нағыз болашақтың энергиясы" - дейді ол.

Сонымен қатар партия хатшысы. форумда Мемлекет басшысы «Жастар жылын» нақты істермен өткізудің кешенді шараларын жариялап, мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың тиімді тетіктеріне назар аударғанын атап өтті.

"Атап айтқанда, еліміздің ірі мегаполистерінде жалдамалы баспаналар салу, жас ғалымдарға гранттар бөлу, жас өнертапқыштардың стартаптарын қолдау қорын құру, жоғары білімнің сапасын арттырып, қолжетімділігін қамтамасыз ету және жұмыспен қамту арқылы жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау көзделіп отыр. Мұның барлығы жастарға беріліп отырған жаңа мүмкіндіктер" - деді Мәулен Әшімбаев.

Ол жастар жылында берілген тапсырмалар партияның бақылауында болатынын айтты.

"Мемлекет басшысы осы игі істерді жүзеге асыруда партиямыздың рөлін ерекше атап өтіп, «Нұр Отан» жастар саясатының басты драйвері болуы керек, деді. Сондықтан біз Елбасының сенімді тірегі ретінде Мемлекет басшысы берген барлық тапсырмалардың тиімді жүзеге асырылуын өз жауапкершілігімізге аламыз. Бұл істе партиямыздың жастар қанаты еліміздің жастар саясатының басты орталығына айналуы тиіс. Сондықтан «Жас Отан» болашағы зор, креативті және белсенді жастардың күш біріктіріп, ел мүддесіне еңбек етуін қамтамасыз ететін болады. Осыған орай, еліміздің барша жастарын «Жастар жылымен» құттықтаймын. «Жастар жылы» біздің өскелең ұрпаққа мол мүмкіндіктер беріп, жаңа биіктерге жол ашып берді. Осы жолда әр қазақстандық жасқа сәттілік пен табыс тілеймін", – деп түйіндеді Әшімбаев.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы