Жастар жылы. Бұл ауыл өмірінің сапасын арттыратын маңызды шара

24 Қаңтар 2019, 18:40
4794
Бөлісу:
Жастар жылы. Бұл ауыл өмірінің сапасын арттыратын маңызды шара

Астана, BAQ.KZ. «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі өтті. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Стратегиялық бастамалар институты социологиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Салтанат Ермаханова өз ойымен бөлісті. 

«Елбасының Жолдауында белгіленген Жастар жылы мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Жастар – біздің еліміздің стратегиялық ресурсы. Жас ұрпаққа кешенді қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі екенін көріп отырмыз. Қаңтардың 23-не өткен Жастар жылының салтанатты ашылуында Н.Ә.Назарбаев жастар арасындағы өзекті мәселелерді атай отырып, оларды шешу жолдарын ұсынды» - дейді ол.

Оның айтуынша, осы кезге дейін де мемлекет тарапынан жастарға түрлі бағытта айтарлықтай назар аударылып келеді.

«Көптеген мемлекеттік бағдарламалар жастарға білім, баспана алуға, жұмыспен қамтамассыз етуге, кәсіпкерлік ашуға септігін тигізуде. Президент өз сөзінде айтқандай, жастар жылының жариялануының да басты себебі жас қазақстандықтардың сұраныстарын қанағаттандыратын қарапайым да түсінікті құралдар ойлап табу. Басты назар келесі 4 сұранысқа негізделуі тиіс: қолжетімді және сапалы білім, жұмысбастылық, тұрғын үйдің болуы және отбасын құру» - дейді Салтанат Ермаханова.

Сонымен қатар ол қазіргі мобильді қоғамда адамдардың бір жерде тұрақтап қалуы сирек құбылысқа айналады.

«Батыс елдерінде осыған орай жалдамалы баспана үлкен сұранысқа ие. Елбасының еліміздің ең ірі 3 мегаполисінде жылына кем дегенде мың пәтер салу тапсырмасы болашақта азаматтардың осы қалаларда еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Жастардың үлкен өмірдегі ең басты мәселесі – ол жұмысбастылық. Елімізде жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар арқасында жастар арасында жұмыссыздық санын азайтқанымен, бұл мәселе әлі де өзекті. Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің бірден бір жолы – ол кәсіпкерлікке тарту. Осыған орай Елбасы «Жас кәсіпкер» бағдарламасын құруды тапсырды. Бағдарлама жұмыссыз жастарды кәсіпкерлік негіздеріне үйретіп, өз ісін ашуға қаржы бөлуді көздейді» - дейді ол.

Оның ойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімінің кеңеюі де жұмысбастылық мәселесіне оң әсерін тигізетіні анық.

«Сонымен бірге бұл ауылдың өмір сапасын арттыруға тигізер маңызды әлеуметтік шара. Көшіп барғаны үшін жас мамандарға төленетін жәрдемақы мөлшерінің 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артуы бұл жобаның әлеуетін арттырады. Жастарға заманауи білім беру мәселесіне кеңінен қаралуда. Осы орайда Open University жобасының (https://openu.kz) студенттерге, жас мамандарға берері көп. Осы сайттан үздік мультимедиалық курстар топтамасымен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптар баршаға қолжетімді болып отыр» - дейді ол.

Ол Жастар жылының бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, жастарды қоғам өміріне кеңінен тартуға мол мүмкіндік береді деп сенеді.

Өзгелердің жаңалығы