Бас жаңалықтар
Жастар жалған діни стереотипті емес, ұлттық дәстүрді арқау етуі тиіс – Тоқаев
07 Ақпан 2019, 12:17 925

Жастар жалған діни стереотипті емес, ұлттық дәстүрді арқау етуі тиіс – Тоқаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар саясаты жөніндегі дөңгелек үстел барысында осылай айтты.


«Жастардың дінге байланысты қарым-қатынасы - біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет саналады және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық. Әр үш жыл сайын елорда төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі - барша өркениет өкілдерінің басын қосатын жаһандық деңгейдегі бірегей бастама. Еліміздегі әрбір жас азамат өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде, біз шетелден келген жалған діни стереотиптерді емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз тиіс. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша әлі де толыққанды шешім табылған жоқ. Сондықтан осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап өтсек, Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстел өтіп жатыр. 

Шараға қоғамдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің, Астана және Алматы қалаларының, бірқатар облыстардың басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысып отыр. 

Шара барысында Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көтерген бастамаларының жобаларын іске асыру мәселелері қаралуда. Пікірсайыс жастардың жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жеткіншек ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге арналған. Әзірленген ұсыныстар жастар мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталмақ. 

Бұған дейін Тоқаев «мектептегі зорлық-зомбылық – барлық мемлекеттік орган жұмысындағы кемшілік» деген болатын. Сондай-ақ, жастардың бизнеспен айналысу мүмкіндігі жайлы айтқан еді.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Сізден жаңалық