Жастар театрында балаларға арналған жаңа ертегі қойылады

8 Сәуір 2019, 15:34
2195
Бөлісу:
Жастар театрында балаларға арналған жаңа ертегі қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертегі желісі кішкентай көрермендерді айнымас достық пен татулыққа шақырады.

«Ата-ананың басты арманы – перзентінің адал, әділетшіл болып ер жетуі. Бала ес жия бастаған сәттен-ақ ата-ана махаббат, мейірім, достық сынды қасиеттер мәнін ұғындыруға тырысады. Ұрпағының ақ-қараны ажыратып, көкірек көзі ояу болуын қалайды. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар театры 9 сәуір күні, сағат 11:00-де Жақып Омардың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегісінің премьерасын көрермен назарына ұсынады» , - делінген таратылған ақпаратта.

Балалар спектаклінің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев.

Ертегі желісі бойынша, дүние есігін ашып, табиғат-ананың сұлу келбетіне шексіз ғашық болған қайырымды құлыншақтың бөлтірікпен кездейсоқ таныстығы ұлы достыққа ұласады. Олардың балғын санасында араздыққа да, қатігездікке де орын жоқ. Осы арқылы айналасын мейірімге баулып, кішкентай көрермендерімізді айнымас достыққа, татулыққа шақырады.

 

Өзгелердің жаңалығы