Жастар шағын ауданы әлі «ақылды аймақ» болуға дайын емес - Сұлтанов

11 Сәуір 2019, 21:35
3018
Бөлісу:
Жастар шағын ауданы әлі «ақылды аймақ» болуға дайын емес - Сұлтанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі қаланы аралау барысында екі вокзалда, Дүкенұлы көшесін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, Ботаникалық бақты көріп қайтты. Cонымен қатар қаланы аралау барысында бірқатар басқарманың жұмысын сынға алды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты жазды.

Қаланың барлық аудандарындағы аулалар, көшелер, автотұрақтар, демалыс орындары тексерілді. Жаңа туристік маусым қарсаңында қала басшысы астананың теміржол бекеттерінде болды. Нұр-Сұлтан теміржол вокзалында тұрақ орындарының жағдайымен танысып, тұрғындар мен қонақтарға арналған демалыс орындарын тексеріп, оған жақын аумақтарды көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Одан кейін «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалының инфрақұрылымын тексерді.

Станция директорының айтуынша, көлік хабының өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың адамды құрайды.

Бақыт Сұлтанов заңсыз такси жүргізушілері мәселесін шешуді және вокзал маңын «Сергек» камерасымен жабдықтауды аяқтауды тапсырды.

Қаланың көшелерін аралаған әкім аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Бейбітшілік көшесі бойындағы №31, 33, 35 үйдің аулаларын қарап шыққаннан соң Б. Сұлтанов, аулаларда автотұрақ орындарының жеткіліксіз екендігін, автотұрақ кеңістігін кеңейту туралы ойлауды тапсырды.

Бұдан кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 2018 жылы Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшесінің қиылысында елорданың 20 жылдығына орай ашылған Иллюзия алаңына барды. Бақыт Сұлтанов оның жағдайын қанағаттанарлықсыз деді. 

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердиевтің айтуынша, бұған нысанның әзірге аудан әкімдігінің балансына өтпеуі және осы аймаққа кімнің жауапты екендігінің белгісіздігі себеп. Бақыт Сұлтанов қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының жұмысын сынға алып, орынбасары Арман Тұрлыбекке саябақты Сарыарқа ауданы әкімдігінің балансына ауыстыруды, оны жөнге келтіріп, жасыл желекті жолдан әрі қарай төсеуді тапсырды.

Бұдан басқа, қала әкімі Дүкенұлы көшесіндегі сүрілген тұрғын үйлердің орнын тексеріп, жауапты тұлғалармен көшені жөндеу мәселелерін талқылады.

Әкімге хабарлағандай, Дүкенұлы көшесінің жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын Бейбітшілік көшесінен Фурманова көшесіне дейінгі аралығы жөндеу жұмыстарын жобалау сатысында. Жалпы 24 гаражды және алты жеке үйді бұзу көзделген. Оған қаржыландыру қажет.

Әкім сондай-ақ, «ақылды аудан» жобасы іске асырылып жатқан «Жастар» ықшам ауданын қарап, Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимовпен аулаларды абаттандыру және жолдарды жөндеуге қатысты сұрақтарды талқылады.  

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, «Жастар» шағын ауданы әлі «ақылды аймақ» болуға дайын емес, әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Қала басшысы Байқоңыр ауданының әкіміне шағын ауданды абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Бұдан бөлек, Б. Сұлтанов «Отан қорғаушылар» ескерткішіндегі алаңға барып, ескерткішті тексеріп, алаңды аралап шықты. Әкімнің бұйрығымен мамыр мерекесіне дейін осы аймақта ағымдық жөндеу жұмыстары, ал жылдың соңына қарай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Әрі қарай Бақыт Сұлтанов Ботаникалық баққа барды. Мұнда әкім жолға төселген кеспетасқа назар аударды. Бұдан бөлек ол белгіні латын қарпінде жазылған жаңа белгіге ауыстыру қажеттігін атап өтті. Осы жерде қала басшысы Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьяновпен және Арман Тұрлыбекпен аумақты абаттандыру, қалалық сенбілікке дайындық және көгалдандыру маусымына дайындығын талқылады.


Өзгелердің жаңалығы