Жастар пандемиядан кейін экономиканы аяққа тұрғызуға белсенді араласуы керек – сарапшы

15 Қаңтар 2021, 20:23
1607
Бөлісу:
Жастар пандемиядан кейін экономиканы аяққа тұрғызуға белсенді араласуы керек – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Ілияс Түстікбаев Мәжіліске өту межесін 5 пайызға өзгерту саяси партияларды ынталандырып, саяси бәсекенің дамуына септігін тигізетініне сенімді.

Бүгін өткен VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, Парламент - ел мүддесі үшін аянбай қызмет ететін қайнаған жұмыс ортасы. Сол себептен де биылғы сайланған жаңа депутаттарымыз халықтың үмітін ақтап, шешім қабылдауға асқан жауапкершілікпен келуі тиіс. Биыл жаңа Мәжілістің сессиясы екі оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Біріншісі – біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің ширек ғасырлық белеске жеткені. Осы уақытта жаңа депутаттарымыз сенім мандатына ие болғаннан кейін халықтың үмітін ақтап,  Отанымызға адал қызмет етеді деген сенімдеміз, деді Ілияс Нұрболұлы.

Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдарда саяси жаңғырып келе жатыр. Жергілікті жерлерде өзін-өзі басқаруды ең төменінен бастап нығайту халықтың билікке деген сенімін арттырады. Облыстық, аудандық, ауылдық әкімдіктерін жұмысын күшейтеді.

Өткен Мәжілістің сессиясында 410-ға жуық заң қабылданды. Мемлекет басшысы көрсетіп өткендей, бұл – осы уақытқа дейінгі 5 шақырылым депутаттарының бастамаларын қоса алғаннан да көп. Сол қарқынды әрі қарай жалғастырып, кешенді реформалар жүргізілетіні қуантады. Ел басшысы білім саласына басымдық беруге мән бергенін қолдаймын, өйткені әлемде барлығы білім экономикасына жылжып бара жатыр. 3500-ден астам ауылды жаңғырту туралы бастама халықтың көңілінен шықты. Президент ауылдарға баратын жолдар мен, республикалық маңызы бар күре жолдарды 100 пайыза жөндеу керектігін айтты. Осы тапсырманың аясында көп жолдар жаңартылып, ауылдық жерлерге жол тартылады деген үміттеміз. Барлық күш-жігер мен білім тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдырылу керек. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруда жемісті жұмыстар жасалады деп ойлаймын, - деді.

Сарапшы еліміз үшін жаңа он жылдықта Үкімет пен Парламент кешенді жүйелі жұмыс атқарып, жаңадан сайланған депутаттар бос уәде, популизмге берілмей, нақты жауапкершілікпен бар күштерін салады деген ойын жеткізді. Осы ретте жастар ұйымдарының Үкімет пен Парламет бастамаларына белсенді араласуға, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша еңбек етуге әрдайым әзір екендігін білдірді.

Раушан Арманқызы
Өзгелердің жаңалығы