«Жас Ұлан» төрайымы: Мемлекет басшысы бірізділікпен жүйелі шешім қабылдады
11 Қаңтар, 17:30 357

«Жас Ұлан» төрайымы: Мемлекет басшысы бірізділікпен жүйелі шешім қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрайымы Динара Сәдуақасова елімізде болған лаңкестік оқиғаға қатысты сұхбат берген болатын.

– Мұндай ереуіл кезінде жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Өздерін қалай ұстаған дұрыс?

– Иә, бір жағынан бейбіт митинг бұл әрбір азаматтың өзінің пікірін ашық білдіруіне заңды құқығы. Тіпті Президенттің алғашқы бастамаларының бірі осы бейбіт жиналыстарға қатысты заң болатын. Бірақ митинг тәртіпсіздіктерге айналған кезде жастарды бұл секілді шараларға қатыспауға және бас тартуға шақырар едім. Тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніп, арандатушылықтарға жол бермеулерін өтінер едім.

– Президенттің шұғыл шешімінің арқасында елімізде тұрақтылық орнады. Бұл тұрғыда ерікті ретінде жасұландықтар қандай істер атқарды?

– Жасұландықтар негізі 18 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан да бұл жағдайда балаларды волонтерлік қызметтерге тартпаймыз. Бірақ ұйым қызметкерлері барынша көмек көрсетуде. Міне, күні кеше ғана бекетте тұрған адамдарға ыстық шай апарып, донорлық қан тапсырып, қазір республикалық үйлестіру орталығында көмек көрсетіп, өзекті ақпараттарды жинауға қатысып жатырмыз.

– Ел жастары мұндай жолға түспес үшін нені білу керек?

– Мұндай жағдай ешбір елдің басына түспесін. Шынымен, таңертең ұйқыдан оянған кезде сені не күтіп тұрғанын білмеу өте қорқынышты. Жастар бұл жолға түспеуі үшін бізге спортты дамыту керек, қосымша секциялар, үйірмелер санын көбейтіп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бұдан да көп көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ осы жылды Президенттің балалар жылы деп атауы да тегін емес. Яғни, аталмыш мәселелер осы жыл ішінде біртіндеп іске асырылуы тиіс. Себебі жастарда бос уақыт көп болғанда олар түрлі жағымсыз әсерлерге бой ұрғыш болып кетеді. Егер уақыты болмаса тек өзінің дамуына көңіл бөледі деп есептеймін.

– Жасөспірімдер төрайымы ретінде елдегі болған жайтқа қандай баға бересіз?

– Бір жағынан, қазақстандықтар митингке шыққанда өзінің бірлігін және азаматтық сананың өскенін көрсетті. Халық жинала алатындығын, талап қоя алатындығын байқатты. Ал билік болса қазір барлық талаптарды назарға ала алатындығын, тыңдай алатындығын, халықпен бейбіт диалог құра алатынын көрсетті. Бірақ осы бейбіт митингтің тәртіпсіздіктерге айналып кеткені өте өкінішті. Шынымен бір түн, бір мезет ішінде біздің тәуелсіз еліміздің егемендігіне қауіп төнді. Біз тұрақтылық туралы жиі айтамыз, бірақ осы оқиғаларға дейін тұрақтылық деген сөздің мағынасының қаншалықты өзекті екендігін жете түсінбегендейміз. Әрине, бәріміз бейбіт мемлекетте өмір сүргіміз келеді, таңертең оянғанда бүгін тұрақты жоспарлы күнің болатынын, болашағың тұрақты екенін білгің келеді. Сондықтан да бұл ахуалдың елімізде қайталанбағанын қалаймын. Осы сыни кезеңдегі Президенттің барлық шешімдерін қолдаймын. Себебі осындай кезде еліміздің, халқымыздың қауіпсіздігі үшін дұрыс шешімдер қабылдау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол болса бірізділікпен, нақты шешімдер қабылдады. Тіпті ҰҚШҰ әскерлерінің келуін кейбір сарапшылар «біздің егемендігімізді жоғалтуымыз» деп қабылдап жатты. Негізі бұл әскерлер біздің мемлекеттік нысандарды, инфрақұрылымды қорғауға келген адамдар. Елде тұрақтылық орнаған кезде өз елдеріне қайтатынын қайталап айтуға болады.

– Еліміз өз бірлігін көрсете алды ма?

– Әрине, осындай жағдайлардан кейін барлығы бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ынтымаққа ұмтылып жатыр. Бір-біріне көмектесіп, байланыста болып, қол ұшын созуда. Бұл біздің халқымыздың ел басына күн туған замандағы бірлігін көрсетеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Фото: дереккөз
Загрузка...