Жас пианистер «Astana Piano Passion» байқауына қатыса алады

19 Ақпан 2019, 15:14
2341
Бөлісу:
Жас пианистер «Astana Piano Passion» байқауына қатыса алады

Астана, BAQ.KZ. 12-18 мамыр аралығында Астанада жас пианистердің «Astana Piano Passion» байқауы және V Халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді. Бұл туралы Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы хабарлады.

Байқауға 18 жасқа дейінгі музыканттар қатысады. Қатысуға ниет білдіргендер 30 наурызға дейін http://astana-app.com сайтында өтінім бере алады. «Astana Piano Passion» халықаралық байқауының жүлдеқоры 60000 АҚШ долларын құрайды. Жас пианистердің «Astana Piano Passion» байқауы фортепиано өнері саласындағы беделді оқиғалардың бірі. Шара Астанада елорда әкімдігінің және атақты пианист Денис Мацуевтың бірлескен бастамасымен 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, байқау классикалық музыканың болашақ жұлдыздарына қолдау көрсету алаңына айналып, жас дарындардың кәсіби шығармашылық жолының бастауы болмақ. Айта кетейік, ұйымдастыру комитеті жартылай финалистердің және олардың тәлімгерлерінің Астанадағы жолы мен тұруға жұмсаған шығындарын көтереді.

Жас пианистердің «Аstana Piano Passion» байқауы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. МОБТ – әлемдік деңгейдегі бірегей және Орталық Азиядағы ең ірі театр. Астана тұрғындары мен қонақтары конкурсанттардың өнерін тамашалау үшін театрға тегін кіре алады. Сонымен қатар, өнер сүйер қауым конкурс барысын ресми сайттан (http://astana-app.com)online-режимде тамашалай алады. Ал байқау аясында өтетін үш концертке, атап айтқанда, ашылуы, жабылуы және қазылар алқасы мүшелерінің концерттеріне билеттер сатылады.

Жас виртуоздардың өнерін әлемнің жеті мемлекетінің кәсіпқой музыканттары, оқытушылары мен продюсерлері бағалайтын болады. Әділ қазылар алқасының құрамына Төлеген Мұхамеджанов (Қазақстан), Валерий Пясецкий (Ресей), Ли Минцян (Қытай), Максим Могилевский (АҚШ), Борис Петрушанский (Италия), Амир Тебенхин (Қазақстан-Германия) және Мартин Энгстрем (Швеция) кірді.

Қазылар алқасының төрағасы - қазіргі заманның әйгілі музыканты, «Аstana Piano Passion» байқауының көркемдік жетекшісі - Ресейдің халық артисі Денис Мацуев. Қазақстандық композитордың шығармасын орындау әр конкурсанттың бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылатынын айта кеткеніміз жөн.Осылайша, әртүрлі мемлекеттің қатысушылары мен қазылар алқасының мүшелері қазақ халқының музыка өнерімен етене таныса алады. Конкурс-фестиваль жас орындаушыларға өз шеберліктерін паш етіп қана қоймай, кәсіби тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді. Фестиваль өткізілген жылдары Астанада Денис Мацуев, Жания Әубәкірова, Екатерина Мечетина, Павел Нерсесьян және т.б. өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төріне конкурстың Гран-приі мен алғашқы сыйлықтарының иегерлері де шақырылды. Айта кетейік, 2013 жылдан бері жас пианистер байқауының ұйымдастыру комитеті елімізден 45-ке таяу және шет мемлекеттерден 400-ге жуық өтінім қабылдады.

«Astana Piano Passion» байқауына алдын-ала іріктеу мен қатысу шарттары туралы толық ақпарат http://astana-app.com сайтында жарияланған.

 


Өзгелердің жаңалығы