"Жас маман" жобасы аясында колледждерге халықаралық стандарттарды енгізу жүргізіліп жатыр

4 Қараша 2019, 11:16
15236
Бөлісу:
"Жас маман" жобасы аясында колледждерге халықаралық стандарттарды енгізу жүргізіліп жатыр
EX

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Жас маман" жобасы бойынша оқу орындарын материалдық техникамен жабдықтау, шетелдік әріптестерді тарту, халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстары 2020-2021 жылдары жүзеге асырылады. Биыл жыл соңына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы "Кәсіпқор" холдингі" КЕАҚ төрағасы Ермек Күзембаев BAQ.KZ тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты. 

"Жас маман" жобасы Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылы салтанатты шарасының ашылуында берген тапсырмасы негізінде әзірленген. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес "Жас маман" жобасының операторы болып "Кәсіпқор" холдингі" КЕАҚ белгіленген.

Қажетті 100 мамандық

Ермек Күзембаевтың айтуынша, жоба негізгі 100 және 200 қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

Бұл дегеніңіз 200 оқу орнында ең қажетті 100 сервистік және индустриалдық кәсіп мамандықтары бойынша оқыту. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Қазақстандағы ең қажетті деген 100 мамандықты таңдап алдық. Бұл мамандықтың тізімімен "Кәсіпқор" холдингінің сайтынан немесе Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан таныса аласыздар. "Жас маман" жобасын тиімді жүзеге асыру мақсатында субъективті жеке шешім қабылдамас үшін, яғни бәрі ашық түрде болуы үшін республикалық комиссия құрылды. Оған салалық қауымдастық өкілдері және 100 мамандық шеңберіндегі басқа министрліктердің мамандары кіреді. Мұндағы шешім ашық түрде қабылданады, - дейді ол. 

"Жас маман" жобасын жүзеге асыру ережелері, механизмдері 27 қыркүйек күні қабылданып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің №425 бұйрығымен бекітілген. Бұл жоба аясында 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын қайта жаңғырту қарастырылған. Оның ішінде материалдық-техникалық базасын жаңғырту және оны жетілдіру, кадр даярлаудағы халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстары бар. 

Холдинг төрағасының сөзінше, қайта жаңғырту тізіміне оқу орындары іріктеу үшін алдымен әр аймақта өңірлік комиссия құрылған. Сол комиссияның ұсынымымен республикалық комиссияға колледждердің тізімі беріліпті. 

Колледждер тізімі өңірлік комиссиядан өткеннен кейін автоматтық жүйе арқылы олардың баллдық көрсеткіші шығарылады. Ол жерде де өз критерийі, шарттары бойынша таңдап алынады. Қазанның 28-і күні республикалық комиссияның шешімімен еліміз бойынша 180 колледждің тізімі анықталды. Осы колледждердің және салалық қауымдастықтардың ұсынысы негізінде қажетті құрал-жабдықтардың тізімі жасақталды. Бұл тізімді салалық қауымдастықтармен келісе отырып, республикалық комиссияның отырысында таныстырдық және сол жерде колледждердің қандай құрал-жабдықтармен жабдықталатыны туралы тізім бекітілді, - дейді Ермек Күзембаев. 

Сөз арасында ол бұл құрал-жабдықтар үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылғанын айтып өтті. 

Ол жергілікті әкімдіктерге трансепті түрде беріледі, ал олар өз кезегінде колледждерге тиісті құрал-жабдықтарды сатып алып береді, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол халықаралық әріптестерді жұмысқа тарту жұмыстарын "Кәсіпқор" ходингі" жүргізіп жатқанын айтты. 

Колледждердегі кадр даярлау мәселесіне халықаралық стандарттарды енгізу үшін халықаралық деңгейдегі мамандарды тарту бойынша байқау өткізілді. Байқау талаптарына сай келетін халықаралық әріптестер өз ұсыныстарын тапсырған болатын. Республикалық комиссияның отырысында бұл мәселе де өз шешімін тапты, - деді холдинг төрағасы. 

Е. Күзембаев сөз арасында "Жас маман" жобасы аясында әлі де көптеген іс атқарылатынын, тиісті құрал-жабдықты орнату үшін алдымен колледждерде дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. 

"Жас маман" жобасы бойынша материалдық техникамен жабдықтау, шетелдік әріптестерді тарту, халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстары 2020-2021 жылдары жүзеге асырылады. 2019 жылы барлық дайындық жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде, колледждерге тиісті құрал-жабдықтарды орнатуға дайындауда кейбір инженерлік байланыстарды тарту қажет болады. Ал кейбір колледждерде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, сондықтан құрал-жабдық келгенше оның барлығын жасап үлгеру керек, - деді ол. 

"Жас маман" дер кезінде қолға алынған жоба

Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтулеев "Жас маман" дер кезінде қолға алынған жоба екенін және өздері де қатысып жатқанын айтты.

Біз екі-үш мамандық бойынша өзімізге керекті жабдықтарға тапсырыс беріп отырмыз. Олардың бәрі электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған. "Жас маман" жобасының артықшылығы – ең қажетті мамандықтарға басымдық берілуі. Яғни қазіргі сұраныстағы мамандықтарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсалатын болады, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол бәсекеге қабілетті маман даярлау бойынша өздерінің оқыту жоспарларының барлығын жандандырып, өзгертіп жатқандарын жеткізді.

Әсіресе дуалды оқыту жүйесі бойынша көп балаларды дайындап жатырмыз. Жаңа бағдарлама бойынша толықтай модульді технологиялық бағытқа көштік. Сондай-ақ, өзіміз тапқан қаражатқа материалдық базамызды азда болса дамытып, жаңартып жатырмыз. Колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдерін қосқанда 1800-дей бала білім алуда, - дейді директор. 

Төлеуғали Тайтулеевтің айтуынша, колледжде білім алып жатқан балалар қазірден инновациялық жобаларды іске асырып, біліктіліктерін арттыруда екен.

Қазір біз "Жасыл экономика" аясында жұмыстар атқарып жатырмыз. Балалар күннен энергия алатын панельдер шығаруда. Өзіміздің шеберханамызда кішігірім энергия станциямыз бар, оны балалардың өздері жасап шығарды. Сонымен қатар, ол жерде жарық диотты электр шамдарын да шығарамыз. Сондықтан біздегі мамандықтардың бәрінің келешегі бар, - дейді ол. 

Сөз арасында ол еліне қызмет ететін маман даярлау үшін балалардың тәрбие жұмысына көп көңіл бөлетіндерін айтты.

Қазақстан экономикасын дамытатын, елді алып жүретін келешек мамандар патриот болу керек деп ойлаймын. Міне, осы тұрғыдан біз балалардың тәрбие жұмысына көп көңіл аударамыз. Кез келген маманның жүрегінде бірінші кезекте "еліме қызмет етемін" деген сезім болу керек. Және солай ойлай білетін мамандарды даярлай білуіміз керек. Ондай мамандар жеке өз басын ғана емес, ел қамын ойлайтын болады. Ал ондай жауапкершілікті сезінген бала жақсы білім алуға, қоғамға өз үлесін қосуға тырысады, - дейді колледж директоры.


Өзгелердің жаңалығы