Бас жаңалықтар
«Жас қаламгер» оқу мектебі жобасы басталды
08 Қыркүйек 2021, 22:05 118

«Жас қаламгер» оқу мектебі жобасы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жас қаламгер» оқыту мектебі өз жұмысын бастады.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – оқу сауаттылығын арттыру, жас дарындардың танымдық-шығармашылық белсенділігін дамыту.

Әлеуметтік жобаны «Қазақстанның жастар конвенті» қоры жүзеге асырып жатыр. Ендігі жерде оқыту мектептерінде елордамыздың орта және арнаулы орта оқу орындарының 10-18 жас аралығындағы дарынды балалары әдебиет саласының драматургия, поэзия, проза бағыты мен «Ғылым тап = Find science» (Абай шығармаларын ағылшын тілінде оқыту), «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты тақырыптар бойынша дәріс алатын болады.

Соның ішінде биыл 8 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында өткен жобаның ресми ашылу рәсіміне ұстаздар мен дарынды оқушылар, ата-аналар қатысты.

Өз кезегінде оқыту мектебіне қатысушы балаларға ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлық иегері Роза Мұқанова, филология ғылымының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы, филология ғылымының кандидаты, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы, абайтанушы-журналист Ернат Мелсұлы және тағы басқа танымал қазақстандық ақын-жазушылар дәріс беретін болады.

Жоба аясында биыл 10 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қабылданған өтініштер нәтижесінде жобаға 200-ге жуық бала қатысатыны белгілі болып отыр. Оқыту мектебі 8 мен 20 қыркүйек аралығында өтеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...