Жас ғалымдар жаңа технологияларды табысты жасап, қолданатын болады –  министр
PHOTO
29 Қазан 2021, 09:21 180795

Жас ғалымдар жаңа технологияларды табысты жасап, қолданатын болады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ербол Қарашөкеев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде болып, бірегей «Ақылды жылыжайдың» ашылуына қатысып, жас аграрлық ғалымдармен және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Министр Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агроуниверситет» оқу тәжірибелік шаруашылығы базасында Корея Республикасының делегациясымен бірге «ақылды жылыжайдың» ашылуына қатысты.


Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ведомство басшысы жобаның барлық қатысушыларына Қазақстанның аграрлық ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, елдегі аграрлық сектор экономиканың басым салаларының қатарына кіретінін атап өтті.

Ауыл шаруашылығындағы ғылыми білім мен әзірлемелер ауылдағы әл- ауқаттың, өмір сапасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі тиіс. Біз бұл бағытта озық технологияларды тартуға тиіспіз. Олар бізге еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын арттыруға көмектеседі деп сенемін. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда серпіліс жасауға мүмкіндік беріп, жалпы АӨК саласын одан әрі дамыту «Ақылды технологиялардың» еншісінде, - деді Ербол Қарашөкеев.

Оқу-тәжірибелік шаруашылықта инновациялық жылыжайды пайдалану: университеттің студенттері, магистранттары мен докторанттарына көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын практикада игеруге, жылыжай шаруашылығының «смарт-технологиялары» бойынша ауыл кәсіпкерлері үшін түрлі семинарлар, тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жылыжайда ғалымдар агротехникалық, ұйымдастыру-шаруашылық және қорғау іс-шаралары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді, көкөніс дақылдарының әртүрлі сорттарының фенологиялық фазаларына мониторинг жасайды.


АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі ҚазҰАЗУ ахуалдық орталығында жас аграрлық ғалымдары және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-ның еншілес ұйымдарын халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру және бизнес қажеттіліктеріне бағдарлау мақсатында трансформациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Сонымен қатар, АӨК субъектілерінің ғылыми әзірлемелерді енгізуге арналған шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарлануда, бұл қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін қосымша экономикалық ынталандыруларға жол ашады.

Біздің ұрпақ, жас ғалымдар АӨК дамытуда жаңа технологияларды табысты жасап, қолдана беретініне сенімдімін, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Сөз соңында Ербол Қарашөкеев ҚазҰАЗУ-дың ғылыми-инновациялық инфрақұрылымын аралап, университет алдына бірқатар міндеттер қойды.



Фото: дереккөз
Загрузка...