Бас жаңалықтар
Жармалық кәсіпкер ауылдастарына сыйлық жасамақ
19 Ақпан 2019, 10:30 625

Жармалық кәсіпкер ауылдастарына сыйлық жасамақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы кәсіпкер биыл ауылдастарына арнап сыйлық жасамақ. Бұған дейін де ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдауын аямаған кәсіпкер игілікті ісін одан әрі жалғастырмақ ниетте. «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалының ХХІІ конференциясында сөз алған «Шалабай» ЖШС басшысы Қуаныш Сүлейменов биылғы жоспарларымен бөлісті.

«Біздің кәсіпорынның басты бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Мемлекет қолдап, ірі көлемде субсидиялауының арқасында «Шалабай» ЖШС аз ғана уақыт ішінде облыстағы бірегей қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруші шаруашылыққа айналды. Жыл сайын ірі қара мал басының саны мен ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін де ұлғайтып келеміз», - деді «Шалабай» ЖШС басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Жастар жылы қарсаңында шаруа қожалығы Шалабай ауылына бос уақыт Орталығы мен заманауи жаттығу залын салып, құрылғыларын сатып алып берген. Бұдан бөлек, соңғы екі жыл көлемінде ауылдағы бүлдіршіндерді жазғы сауықтыру лагерінде демалтуды қолға алған кәсіпорын басшылығы аз қамтылған отбасыларды да назардан тыс қалдырмаған.

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында ауылдастарымызға арнап сыйлық жасауды ұйғардық. Соның бірі – ауылдағы мәдени және қайырымдылық шараларын ұйымдастырылатын клубты толықтай қайта жөндеуден өткізіп беру. 2013 жылдан бері біздің кәсіпорын ауылдан 27 тұрғын үйді сатып алып, осынша отбасыны басқа елдімекендерден көшіріп әкелген болатын. Олардың 8-і төрт және одан көп балалы отбасылар. Біз олардың балаларына да жағдай жасаудамыз. Мектептегі балаларының алаңсыз оқуын оқып, қаладағы студент балаларының алаңсыз жоғары білім алуына мүмкіндік бердік», - деп қосты кәсіпорын басшысы.

Ол адамдарды дайын асқа тік қасық болуға үйретпей, жұмыс беріп, кәсібін дөңгелетуге күш салу керектігін айтады. Ол үшін ауылды жердегі әр кәсіпкер жерлестері үшін игі іс істеп жұмыс орындарын ашуы қажет.

«Шалабай» ЖШС – Жарма ауданының Шалабай ауылында орналасқан. 2005 жылдан бері қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруді қолға алған. Бұдан бөлек, соңғы жылдары шаруа қожалығы қазақтың жабы жылқысы мен байыс қойын да өсіруді бастады. Шалабай, Үшарал және Әди Шәріпов сынды ауылдардың тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалық Жарма ауданындағы ірі жұмыс беруші кәсіпорын саналады. Жыл сайын аудан әкімдігімен миллиондаған теңгелік меморандумға отыратын кәсіпорын жергілікті жердегі мектептерге хоккей қораптарын, футбол алаңдарын салып, қажетті құрылғыларды сатып алуға көмек көрсетеді. 2015-2016 жылдары аталмыш кәсіпорын Шалабай ауылының маңында балалар жазғы сауықтыру лагерінің салынуына мұрындық болды. Қайырымдылық шараларына белсене араласатын қожалық әр жылдары республикалық «Парыз», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» конкурстарының жүлделі орындарында көріне білді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: Владимир Петухов

Сізден жаңалық