Жәрдемақы тағайындау проактивті форматқа көшіріледі – Еңбек министрлігі

15 Тамыз 2019, 19:23
1774
Бөлісу:
Жәрдемақы тағайындау проактивті форматқа көшіріледі – Еңбек министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі күні ай сайын 700-ге жуық қызмет алушыға жәрдемақы тағайындалады. Қазақстанда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау енді автоматты режимде жүзеге асырылады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Егер бұрын аналар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш жазса, енді осы айдан бастап қызмет алу рәсімі проактивті бола бастады. Басқаша айтқанда, мемлекеттік жәрдемақы аналардың жеке өтінішінсіз тағайындалатын болады. Мемлекеттік қызмет ай сайын 700-ге жуық қызмет алушыға көрсетілетіні белгілі.

"Алайда, қызметтер мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтарға ғана проактивті түрде көрсетілетінін атап өткен жөн. Ол үшін ЭЦҚ-ға қол қою арқылы ұялы телефонының нөмірін Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе порталда бір рет тіркеу жеткілікті.Мұндай тіркеуден өтпеген адамдар «бұрынғыдай тәртіппен» қызмет көрсетуге өтініш беруі қажет. Проактивті қызмет көрсету процесі Президент Әкімшілігінің ақпараттық жүйесінен Еңбекминінің ақпараттық жүйесіне бірінші рет «Алтын алқа» және «Күміс Алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар туралы ақпарат түскен кезде басталады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінде.

Бұдан бұрын өтініштерді қабылдау және қызметтер көрсету нәтижесін беру «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылған.

"Қазақстанда алтыншы немесе жетінші баланы дүниеге әкелген аналар «Күміс алқа» және «Алтын алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталады. Бұл мемлекеттік наградаларды алған аналар ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) мөлшерінде жәрдемақы алады, оның мөлшері жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып қайта есептеліп отырады. Бұл мемлекеттік қызметтер құрметті атақтар алуға байланысты тағайындалады, сондықтан олар ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты емес", - делінген таратылған ақпаратта.

Бұл төлемдер өмір бойғы болып есептеледі, яғни олар зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тоқтатылмайды, сондай-ақ  отбасының кірісіне қарамастан тағайындалады. Бүгінгі күні мұндай құрметті атаққа 237 мың ана ие.

Өзгелердің жаңалығы