Жақсылық Омар өскемендіктерге ризашылығын білдірді

10 Қаңтар 2022, 12:01
1041
Бөлісу:
Жақсылық Омар өскемендіктерге ризашылығын білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласында қазір жағдай тұрақты және азаматтардың өмірі мен мүліктеріне ешқандай қауіп жоқ. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда қалаға қылмыстық әрекеттердің кесірінен келген шығын әлдеқайда аз болған. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді.

Шаһар әкімі Facebook-тегі парақшасында қаланың қазіргі жағдайы туралы мәлімет беріп, тұрғындарға осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтық ұстамдылық танытқандары үшін ризашылығын білдірді. 

Құрметті өскемендіктер! Қаламыздың қазіргі жағдайына келсек, дәл қазір жағдай тұрақты және азаматтардың өмірі мен мүліктеріне ешқандай қауіп жоқ. Тәртіпсіздік себептерін зерттеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша Құқық қорғау органдары іс-шараларды жалғастыруда. Лаңкестердің жолын кесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтағаны және зиянкестік жасаудың алдын алғандары үшін құқық қорғау органдары мен қарулы күш қызметкерлеріне қала халқының атынан алғыс айтамын. Олардың жедел қимылының нәтижесінде еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда Өскемен қаласында қылмыстық әрекеттердің кесірінен келген шығын әлдеқайда аз болғандығын атап айтқым келеді, - деп жазады Жақсылық Омар. 

Қала әкімі желідегі жазбасында коммуналдық мекемелерінің қызметкерлері мен жедел қызмет мамандарына ерекше алғыс білдіретінін айтты. 

Қалалық әкімшілік тарапынан қаланың тұрақты тыныс-тіршілігін сақтау шаралары қабылданды. Барлық коммуналдық кәсіпорындар қалыпты жұмыс істеуде, жылу, су және электрмен қамтамасыз ету қалыпты жағдайда қызмет көрсетуде. Қоғамдық көлік қатынасы, көшелерді қардан тазарту, қоқыс жинау және тазалық жұмыстары тұрақты жұмыс атқаруда. Өз тарапымнан қаламыздың барлық азаматтарына осындай қиын-қыстау кезеңде ақыл мен парасат, азаматтық ұстамдылық танытқандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүлікшілер мен ел арасына іріткі салушылардың жоспары жүзеге аспады, біздің бірлігіміздің арқасында жағымсыз жағдайлар орын алған жоқ. Әсіресе, қаламыздың коммуналдық мекемелерінің қызметкерлері мен жедел қызмет мамандарына ерекше алғысымды білдіремін, өйткені олар осы кезеңде халыққа жағдай жасап, өз жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай, жұмыла еңбек етті! Осы бір күрделі кезеңде біздің қаламызда күш көрсету және лаңкестік әрекеттерге жол берілген жоқ, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы