ШҚО-да жақсы жолдардың үлесі артады

19 Сәуір 2019, 10:32
1920
Бөлісу:
ШҚО-да жақсы жолдардың үлесі артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс Қазақстандағы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды, елді-мекендердегі көшелерді жөндеуге бюджеттен 19,9 миллиард теңге қарастырылды. 

Бұл жөнінде облыс әкімдігі отырысында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов мәлімдеді.

«Қарастырылған жалпы соманың 6,9 миллиард теңгесі облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды орташа жөндеуден өткізуге, 3 миллиарды жолдарды күтіп-ұстауға жұмсалса, жол-көше жүйесін күтіп-ұстауға 10 миллиард теңгесі бағытталады. Ел Үкіметінің өңір ішіндегі көліктік мобильділікті дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты 50 де 50 қағидатымен жұмсау бағытында шаралар жоспары жасалған. 6,9 миллиард теңгеге 321 шақырым жолды жөндеу межеленіп отыр. Оның 3,9 миллиарды республикалық, ал 3 миллиарды облыстық бюджеттен қарастырылған», - деді Нұржан Сайлаубекұлы.

Басқарма басшысының хабарлауынша, биыл бюджеттен бөлінген қаражатқа «Бородулиха-Жезкент», «Семей-Қарауыл», «Семей-Курчатов», «Өскемен-Самар», «Үлкен Нарын-Күршім», «Шемонаиха-Большая Речка» автожолдары мен Аягөз, Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай және Үржар аудандарындағы аудандық маңыздағы кіреберіс жолдар жөнделетін көрінеді.

«Қазіргі уақытта орташа жөндеуден өткізілетін жолдар бойынша тендерлер өткізілуде. Жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастау жоспарланып отыр. Жалпы, аталмыш жұмыстар нәтижесінде 2019 жылға қойылған мақсат толықтай орындалып, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 79 пайызға дейін ұлғаяды деген ойдамыз», - деп қосты Нұржан Жұмәділов.
Өзгелердің жаңалығы