Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан бизнеске 40 млрд теңге залал келтірілді

6 Қаңтар 2022, 21:01
930
Бөлісу:
Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан бизнеске 40 млрд теңге залал келтірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Атамекен» ҚР ҰКП барлық өңірдегі бизнес-қауымдастықтармен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығынның мөлшерін анықтап жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, залалдың жалпы сомасы шамамен  40 млрд теңгені құрады (Алматыда 39,5 млрд теңге). Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.

Зардап шеккен бизнес субъектілері туралы ақпарат жинау жалғасып жатыр.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің шығынын жедел желі телефондары арқылы жинап жатыр. Бұдан бөлек Ұлттық палатаның өңірдегі филиалдарының қызметкерлері бизнес объектілеріне бара алмай, сырттан бақылап, аралау және көзбен шолу жүргізді. Себебі зардап шеккен нысандардың барлығына бірдей бару мүмкін емес. Кей өңірде нысанға азаматтар жіберілмейді. Алдын ала болжамның нәтижелеріне сәйкес, объектілердің 70%-ының сыртқы қасбеті бүлінген. Толық тексеру, ақпарат алмасу жұмысы Интернеттің жоқтығынан қиындай түсті, яғни толық әрі жаппай ақпаратпен қамтуға мүмкіндік болмай тұр.

6 қаңтардағы сағат 17:00-дегі жағдайға сәйкес, 43 объектіде (оның ішінде 12 сауда ойын-сауық орталығы және сауда үйлері) 300-ге жуық бизнес субъекті зардап шеккен. Залалдың жалпы сомасы шамамен  40 млрд теңгені құрады (Алматыда 39,5 млрд теңге), - делінген хабарламада.

Негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, көлік, қызмет көрсету, сондай-ақ қаржы секторының (әсіресе банкоматтар) субъектілеріне зиян келтірілген.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ғимараттардың қасбеті, кіреберісі, қолжетімді үй-жайлар бүлінген. Қымбат жабдықтар, техника, интерьер заттары, тауарлық-материалдық қор және басқа заттар ұрланған.

«ҚОРАМСАҚ» қауымдастығының мәліметінше, Алматы қаласында 6 қару-жарақ дүкені («Қорған-центр» ЖШС, «Арма-56» ЖШС, «Анна-16» ЖШС, «Анна» ЖШС, «Оружейник» ЖШС, «Pro-Hunt» ЖШС) тоналған.

Сонымен қатар, жеке тұлғалардан (азаматтардан) мүлікке келтірілген залал және аулаларда, шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерінде жарықтың болмауы туралы шағымдар түсіп жатыр. Барлық дерлік банкоматтың жұмысы тоқтап, азаматтардың көбі қолма-қол ақша алып үлгермеген. Салдарынан көптеген азамат азық-түлік сатып ала алмай отыр. Дүкендер тауарларды тек қолма-қол ақшамен сатып жатыр. Азаматтардан халық жиі тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің (атап айтқанда, нан-тоқаш, сүт өнімдері) тапшылығы туралы қоңыраулар да түсіп жатыр. Бұл дистрибьюторлар жұмысының бөгелуіне байланысты болып отыр.

Мұнымен қоса, кәсіпорын басшылары жұмысшылардың жалақысын есептей алмай отырғанын мәлімдеді, себебі интернет жоқ, транзакциялар тоқтатылды, - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы фактілерді ескере отырып, мүліктік мүддені қорғау, құқықтық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында ерікті жасақтар құру туралы бастаманы қолдайтынын және осы мәселені коменданттардың қарауына шығаруды сұрайтынын хабарлады.

Айта кетейік, зардап шеккен бизнес субъектілері туралы ақпарат жинау жұмыстары жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы