Павлодар облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 500 несие берілмек

12 Маусым 2019, 08:35
1941
Бөлісу:
Павлодар облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 500 несие берілмек

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша шағын несиелерді үлестіруге 1,9 млрд теңге бөлінді.

Бұл қаражатқа 500-ге жуық шағын несие беріледі деп жоспарланған. Айта кетерлігі, бизнес жобалардың басым бөлігі ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге тиесілі. Өткен жылғы нәтиже бойынша 485 жоба қаржыландырылған. Мемлекеттің қолдауын қалт жібермегендердің қатарында баянауылдық кәсіпкерлер бар.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ғабдулла Тәліповтің хабарлауынша, былтыр бағдарлама аясында ашылған кәсіпорындарға 100-ге жуық адам жұмысқа орналасқан.

«Алғашқы транш бойынша 85 млн теңге бөлінді. Еңбегінің жемісін көріп, жеке ісін дөңгелеткісі келген 32 азаматтан өтініш түсті. Жаңа жобалар кірпіш құю, мал сатып алу, тігін цехын ашу сияқты кәсіптерге тиесілі. Биыл 40-тан астам тұрғынға қайтарымсыз гранттар беріледі», - дейді Ғабдулла Тәліпов.

Өткен жылы Баянауыл ауданында шағын кәсіпкерлікті дамытуға 206 млн теңге бөлінген. Осы жылы қаражат көлемі артада деп жоспарланған. Себебі сұраныс бар.

«2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге алдым. 25 сотық жерді жалға алып, ұңғыма қаздым. Электр желілерін тартып, кірпіш құю цехын іске қостым. Кейін мемлекеттік қолдаумен тағы несие алдым. Күніне 200 кірпіш шығарамыз. Шикізатты, яғни, күлді жергілікті кәсіпорындардан сатып аламын. Шикізат бойынша мәселе жоқ. Болашақта өндірістік қуаттылықты 1000 кірпішке дейін арттырғымыз келеді», - дейді бағдарлама қатысушысы Ғабит Бердалин.

Айта кетерлігі, осы жылы бағдарлама аясында көпбалалы аналар мен аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету тетіктері де қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы