Жапонның жаңа елшісі

22 Қаңтар 2019, 15:55
3436
Бөлісу:
Жапонның жаңа елшісі
VIDEO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жапонияның Қазақстанға жаңадан тағайындалған елшісі Тацухико Касайдың Астанаға келгеніне апта уақыт болды. Әзірге өкілетті және төтенше елші ретінде сенім грамотасын алған жоқ.  

Елші Қазақстанға тағайындалғанға дейін Ресей мен Украина, Ұлыбритания мен Қырғызстанда дипломатиялық қызмет атқарған.


Видео: Кенжетай Ақсейітов

«Менің атым – Тацухико Касай. Жапонияның Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп жүргеніме көп уақыт болды. Владивостоктағы бас консулдықта жұмыс істедім. Одан бөлек Мәскеуде екі рет, Киевте бір рет, Қырғызстанда және Ұлыбританияда 3 рет жұмыс істедім. Мамандығым – экономист, экономика маманымын. Егер осы сала қызықтырса, жауап бере аламын», - деп таныстырды өзін жаңадан тағайындалған елші. 

Жапониялықтардың зейнетақысы аз. Кей деректе осындай мәлімет оқыдым. Қаншалықты рас? Жапонияда әйелдер мен ерлер үшін зейнет жасы бірдей ме?

«Жапонияда адамдар зейнетке 65 жастан бастап шығады. Ерлер де, әйелдер де осы жаста зейнеткер атанады. Орташа есеппен, 2,5-3 мың доллар зейнетақы алады. Бұл зейнетке өмір сүруге болады. Зейнетақының мөлшері жалпы экономиканың балансы арқылы есептеледі. Халық осы зейнетақыны жеткілікті деп ойлайды. Жапониялықтар жақсы өмір сүріп жатыр деуге болады. Адамдардың өмір сүріп жатқан жеріне байланысты айырмашылық бар екені рас. Жылы жер, суық жерге байланысты, теңізге жақын не құрлыққа жақын жерге қарай табиғи ерекшеліктер, географиялық артықшылықтар халықтың өміріне қатты ықпал етеді. Ал әлем бойынша халық бірдей өмір сүреді», - деп бөлісті дипломат. 

Жыл сайын Жапонияға қанша турист келеді? Сіздің елдің азаматтығын алу үшін қандай талаптар қойылады?

«Жапонияға жыл сайын турист ретінде 30 млн адам келеді. Бізде кәрістер, қытайлар көп. Жапония азаматтығын алу үшін, барлық жердегідей, белгілі бір уақыт өмір сүру керек. Сол уақытта өмір сүріп, кейін өтініш жазып, азаматтық алуға болады», - деді дипломат.

Турист болып барып жатсақ, қай қалаға және қандай жерге баруға кеңес бересіз?

«Жапонияның дәстүрі қызықтырса, Киото, Инараға бару керек. Ал заманауи Жапония керек болса, Токиоға барған дұрыс. Тау-шаңғы сырғанауы қызықтырса, онда Хоккайдо, Яманакиге барады», - деп бөлісті Касай.

Бұған дейін елші жапон мәдениетіне қызығатын қазақстандықтардың көп екенін айтқан болатын.

Рахиля Бекназарқызы


Өзгелердің жаңалығы