Жансүгіров шығармаларының 20 томдығының тұсауы кесілді

13 Қазан 2019, 09:49
3233
Бөлісу:
Жансүгіров шығармаларының 20 томдығының тұсауы кесілді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтіп, онда ақынның облыс әкімдігінің қолдауымен жуырда жарық көрген 20 томдық жинағы мен ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған "Үш алып" кітабының тұсауы кесілді.

Конференция жұмысы басталмас бұрын облыс әкімі Амандық Баталов бастаған мерейтой қонақтары Б.Римова атындағы драма театры фойесінде қойылған ақын өлеңіндегі Жетісу суреттеріне арналған картиналар топтамасы мен Ілиястың әдеби-мемориалды музейінің жәдігерлері қойылған көрмені аралады. Театр залында өткен басқосуда алдымен Ілиястың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптардың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Жиынды құттықтау тілегімен ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Ілияс Жансүгіровтің қазақ руханиятындағы орны туралы қысқаша айта келе, қаламгердің есімін ұлықтау, мұрасын түгендеу бағытында облыста атқарылған істерге де тоқталып өтті.

DSC_0304.JPG

"Ілияс Жансүгіров – Алаштың алыбы, күллі қазаққа ортақ тұлға. Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп, сөз өнерінің көркемдігі мен эпикалық тынысын барынша кеңейткен, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын. Жыр құлагерінің есімін ұлықтап, өскелең ұрпаққа қалдырған бай мұрасын насихаттау мақсатында облысымызда біршама жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы өткенді саралап, тарихты түгендеуге жол ашты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ол туралы "Рухани жаңғыру біздің басты бағдарымыз болып қала береді" дей келе, бағдарламаның ел өміріндегі маңызының зор екенін атап өткен болатын. Талантқа тағзым ету – ең алдымен, ақынға қатысты зерттеудің жаңа бағытын айқындау, деректер мен жәдігерлерді тауып, түгендеу, оны ғылыми айналымға енгізуге қамқорлық жасау деп білеміз. Сондықтан Ілияс Жансүгіровтің мұраларын толықтыру, қолда жоқ шығармаларын жинастыру мақсатында "Ілияс ізімен" атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция құрдық. Осы экспедицияның Ресей жеріне барып қайтуына мүмкіндік жасадық. Делегация Ілияс білім алған Мәскеудегі бұрынғы мемлекеттік Журналистика  институтында болып, қаламгердің табаны тиген жердің архивінен ақынға қатысты бірқатар құжаттардың көшірмелерін алып қайтты. Сөйтіп, ақын туралы деректер жаңа құнды дүниелермен толықты. Бұл ілиястану саласының елеулі олжасы екенін қуанышпен айтамыз, - деген облыс әкімі Жетісу мемлекеттік университеті ғалымдарының ізденістері нәтижесінде Ілиястың шығармашылығына арналған 20 томдық жинақ жарық көріп, оған ақынның кең көлемде насихаттала қоймаған тың дүниелері енгізілгенін де атап өтті.

Шараға қатысқан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде Мәскеуге барған экспедиция Ілиястың 18 кітабын тауып келіп отырғаны бүгінгі қазақ әдебиетінің үлкен жаңалығы екенін айтты.

DSC_0261.JPG

Ілиястану ғылымының жаңа дәуірде де желісі үзілмей, осы іске жас зерттеушілердің ынтамен ден қойғанына деген қуанышын да жасырмады. Қазақ әдебиетінде эпикалық жанрдың үлкен мектебін қалыптастырған Ілиястың шығармаларындағы кейіпкерлері де, соның ішінде Молықбай күйшінің өзі зерттеуді қажет ететін тұлға. Молықбай әр қазаққа Қорқыттан кейінгі қобыз ұстаған күйші ретінде елестейді.

Сондықтан Молықбайдың артына қалдырған күйлері туралы зерттеу де болашақтың еншісінде, ақынның кейіпкерлеріне де ескерткіш қоюға болады деген пікірін білдірді. Студент кезінде Ұлықбек Есдәулет Ілиястың ұлы Болаттың өтінішімен ұзақ жыл сандықта сақталып, біраз жазуы өшіп, бүлінген қолжабадағы Жансүгіров жырларын қалпына келтіруге, өлең мәтінін анықтауға атсалысқаны жайлы естеліктерімен де бөлісті. Сол сияқты ақын тойы Алматыда қараша айында "Үш арыс, үш бәйтерек" атты шарамен жалғасатынын айтты.

Конференцияның бас баяндамашысы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып Ілиястың өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталды. Сол сияқты М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш "Ілияс Жансүгіровтің көркемдік әлемі", І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымының докторы Мұратбек Иманғазинов "Ілияс жөніндегі соңғы зерттеулер", жазушы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат "Ілияс журналистикасы", филология ғылымының докторы Серікқазы Қорабай "Ілияс Жансүгіровтің "Дала" поэмасы. Айтылмай келген ақиқат" тақырыптарының мазмұнын ашты.

DSC_0230.JPG

Осы жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мерейтойлық құттықтау телеграммасы оқылды. Сол сияқты Ілиястың неремелері Ажар, Жанар, Лейла Жансүгіровалар Жансүгіров қорының атынан облыс әкіміне, ақынның әдеби-мемориалды музейіне, ақын атындағы университетке Ілиястың ағылшын тіліне аударылып, жарық көрген кітаптарын сыйға тартты. Сол сияқты ақын шығармашылығын зерттеуге, насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға тарлан таланттың ұрпақтары грамоталар тапсырса, Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев білім ордасының Ілияс төсбелгісін тақты.

Осы сахнада мерейтой аясында өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Мүшәйраның бас жүлдесі ақын Байбота Қошым-Ноғайға берілсе, 1 орынды арқалы ақын Серік Ақсұңқар иеленді. Жыр жарысының қорытындысын жариялаған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы мүшәйраның жүлдесінен бөлек, ең үлкен сый ардақты ақын, "Қазақтың маңдайына өлең бітсе, өлеңнің маңдайына бітіп ең сен" деп ертеректе ақынға өлеңімен өшпес ескерткіш қойған көрнекті ақын Тұрсынзада Есімжановқа ақсулық азаматтар атынан темір тұлпардың кілті берілетінін сүйіншілей жеткізді. Көпшілік алдына шығып, сөз алған Т. Есімжанов өлеңнің жазылу тарихына, туындыға кезінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сатпаевтардың ризашылықпен қол соққандарын сағынышпен еске алып, ел азаматтарына алғысын білдірді.  

Конференциядан соң шаралар "Талдықорған" ипподромында ат жарысымен жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы