Жаңақорғанда өндіріс өркендеп келеді – аудан әкімі

31 Наурыз 2021, 20:05
3140
Бөлісу:
Жаңақорғанда өндіріс өркендеп келеді –  аудан әкімі
Сұхбат

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға мүмкіндігі мол, өндірісі өркен жайған Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовпен әңгімелескен едік.

– Руслан Рүстемұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қазіргі кезде елімізде өңделген тауарлардың 3/2 сырттан келетінін ескертіп, өңдеу өнеркәсібін қолдау қажеттігін айтты. Үкіметке өнеркәсіп саясатын оңтайландыру заңын қабылдауды тапсырды. Бұл бағытта Жаңақорған ауданында қандай қаракет бар? 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында жаңақорғандықтар біршама нәтижеге қол жеткізді. 

Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы өнеркәсіп өнімінің 12,2 пайызы, ауыл шаруашылығының 15,4 пайызы, кәсіпкерліктің 10 пайызы Жаңақорған ауданының үлесіне тиді. 

Жасыратыны жоқ, өндірісі дамыған деген ауданда кейінгі жылдары «КазАтомөнеркәсіп» мекемелерінің өнім өндіру көлемі айтарлықтай төмендеді. Себебі, әлемдік деңгейдегі баға саясаты күрт құлдырады. Бірақ біз оларға қарамастан басқа күнделікті тұрмысқа қажетті өндіріс түрлерін жетілдіруді қолға алдық. Мәселен, тас, әк өндіру көлемін ұлғайтудың нәтижесінде біршама өсу факторы байқалды. Аудан экономикасында оң нәтиже қалыптасты. 

Көршілес Түркістан облысындағы қарқынды құрылыс жұмыстарына қажетті инертті құрылыс материалдарымен қоса, басқа да зәру заттардың артуынан өткен жылы әктас өндіру 10 есеге дейін артты. Тағы бірнеше өндіріс орындары ішінара іске қосылуда. 

Атап айтқанда, керамзит кірпіш өндіру, гиперпрессиялау әдісімен бұйымдарды өндіру зауыты және темір, бетон, құбыр бұйымдарын шығаратын зауыттар уақыт талабымен уығын қадады. 

Биыл да әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерде алға қойылған межелерді орындап, түрлі салада күтілген нәтижелерге қол жеткіземіз деп отырмыз. 

Жалпы, өнеркәсіп саласында өрелі өзгеріс бар. Тағы да қайталап кетейін, «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындары кейінгі жылдары өнім өндіру жоспарын төмендетті. Алайда биылдан бастап қайта көбейтуді жоспарлап отыр. Алдағы жылдары, индустриялды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында ауданда бірнеше инвестициялық жобаң іске асырылуы жоспарлануда. Соның нәтижесінде осы жылы үміт көп, шамамен ауданға 61 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылатын болады. Оның ішінде 4,3 млрд теңге бюджеттік қаражат көздерінен, 56,7 млрд теңге жеке қаржы көздерінен жоспарланып отыр. Олар – Шалқия кен байыту фабрикасының құрылысы, томат пастасын өндіру жобасы, керамзит, кірпіш және блок шығару жобасы, күн электр станциясы, құс етін өндіретін құс фабрикасының жобалары. 

– Өлкеде қайнаған тіршіліктің деңгейін аудан бюджетінің көлемінен білуге болады... 

– Өзіңізге белгілі, биылдан бастап білім беру ұйымдарының басқару органы облыстық білім басқармасына ауыстырылды. Соған сәйкес аудан бюджетінің 70 пайызға жуығы облыс бюджетіне ауыстырылып, аудан бюджеті 6 млрд теңге болып бекітілді. 2020 жылдың басында аудан бюджеті 21,9 млрд теңге болса, жыл соңында – 23,9 млрд теңгеден асты. Ал 2021 жылдың бюджетін – 19,6 млрд теңгеге бекітіп отырмыз. Оның ішінде 13,6 млрд теңгесі облыстық білім басқармасында. 

Соған қарамастан тұрғындардың әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін жақсартуға күш салып отырмыз. Елді мекен көшелерін орташа жөндеуге, басты-басты көшелерге жарық орнатуға және электр қуатын реттейтін трансформаторлар алуға, аяқ су келетін канал жүйелерін тазалауға, елді мекендерде тренажерлық қондырғылар орнатуға 659,5 млн теңге бағыттадық. Жыл соңына дейін аудандық бюджетті нақтылау барысында тағы бірнеше жобамызды қаржыландыратын боламыз. 

Айрықша айта кету керек, соңғы 30 жылда аудан бюджетінен әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге бір жылда мұнша қаржы бөлінбеген екен. 

– Шағын және орта кәсіптің даму қарқыны қандай? 

– Ауданда 5238 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Ондағы белсенді субъектілер саны 4976 бірлік, яғни тіркелген кәсіпкерлердің 95 пайызын құрады. Өткен жылға қарағанда ілгерілеушілік бар. Ал халық санына шаққанда экономикалық белсенді кәсіпкерлердің үлесі – 14,7 пайыз. Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмада бұл көрсеткіш 30 пайыз болуы керек. Ал қазір облыста 16 пайызға орындалып отыр. 

Кәсіпкерлік саласы 2020 жылы 7741 адамды жұмыспен қамтып отыр. 23,5 млрд теңгенің өнімдерін өндірді. Барлық қаржы институтынан 847 жобаға 1,9 млрд теңге қаржы тартылды. 

Ал биыл жылы аудан кәсіпкерлері түрлі қаржы ұйымдары арқылы 970 млн теңгенің 302 жобасын қорғап шығады деген жоспарымыз бар. 

Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойында жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 5 жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары ашылып, жұмыс істеуде. 

Ал туризмге келсек, ауданда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Соған сай туристік маршрут бағыты белгіленген. Олар: «Сығанақ» – орта ғасырлық тарихи қала орны, «Көккесене» – Гүлбаршын ананың кесенесі, «Қатын Қамал» – Қаратау қатпарындағы ежелгі тарихи үңгір, «Таңбалы Тас» – Қаратау сілемдеріндегі ежелгі таңбалы тастар, Бесарық өзенінің шатқалындағы ежелгі адамдардың жазған петроглифтері, «Ақтас» мешіті - Айқожа кесенесі, «Құмиян» – тарихи қалашық орны, «Өзгент» – көне Өзгент тарихи қала орны, «Төлегетай» – Қылышты кесенесі, «Қорасан» кесене мазараты, Қылышты ата, Қылауыз ата, Қасым ата кесенелерінен тұратын – Үш ата кесенесі. 

– Жері малға жайлы, егінге қолайлы Жаңақорғанның асыраушы саласындағы ахуал туралы не айтасыз? 

– Биыл 36 мың 108 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда 768 гектарға артып отыр. Ал, негізгі дақыл саналатын күріш 1000 гектарға азаюда. Азайтудың басты себебі белгілі, Сырдария өзеніндегі судың жылдан жылға азаюы. Сондықтан біз суды аз қажет ететін дақылдар түріне ауысып жатырмыз. Оның нәтижесін де көріп жатырмыз. Айтпағым, әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс бар. 

Ауданда мал басы жыл санап артуда. Соған байланысты мал азығы дақылдарын егуге басымдық берілуде. Оның айғағы – өткен жылмен салыстырғанда жоңышқа 316 гектарға артып, 18 мың 170 гектарға, ал бидай дақылы 1578 гектарға артып, 4 мың 690 гектарға орналастырылды. 

Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы «Акватерра гидрогелі» су үнемдегіш жаңа технологиясымен 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылын екпек. Бұл шаруашылық басқаларға үлгі боларлықтай жұмыстар атқаруда. Біріншіден, тау беткейдегі жерлерді тегістеп егістік қалыпқа келтіретін болса, екіншіден суды аз мөлшерде пайдаланып, өнімді артығымен алуда. Әрі судың шығыны да аз мөлшерде болады.
Сондай-ақ, су тапшылығының алдын алу мақсатында көкөніс, бақша дақылдарының көлемі де айтарлықтай артып отыр. 

Мал шаруашылығының облыс көлеміндегі үлесі өткен жылы 20 пайыз болды. Оның 72,1 мың басы мүйізді ірі қара, 268,2 мың басы уақ мал, 19,8 мың басы жылқы, 1,7 мың басы түйе болса, 21,8 мың бас құс бар. 

2021 жылы 8,3 мың тонна ет, 13,5 мың тонна сүт, 2,1 млн дана жұмыртқа өндіруді жоспарлап отырмыз. 

Осы жылы «Сыбаға» бағдарламасымен мүйізді ірі қара малы 125 бас және қой аналығы 3750 бас сатып алу жоспары бекітілген. Қазіргі уақытта 2 шаруа қожалығы мүйізді ірі қара және 15 шаруашылық құрылымы қой сатып алу үшін қаржы ұйымдарымен бірлесе отырып, құжаттарын әзірлеуде. 

– Құрылыс, газдандыру саласында қандай жұмыстар атқарылды? 

– Биыл да әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым жұмыстары, тұрғын үй салу, жолдарды жөндеу, аяқ су, ауыз су және газ тарту жұмыстары жалғасады. 

Құрылысы былтыр басталған Жаңақорған кентіндегі 600 және 300 орындық мектептердің, Шалқия кентіндегі 150 орынға арналған клуб үйін биыл салып бітіреміз. 

Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі, тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі таңда 7 мыңның үстінде тұрғын кезекте тұр. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында ауданда 1 қоныстану аймағын егжей-тегжейлі жоспарлауға аудандық бюджеттен 29,2 млн теңге бөлінді.

Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлетін боламыз. Құжаттарын рәсімдеу аяқталып, инфрақұрылымы жүргізілсе, жер учаскелері беріледі.

Жалпы, соңғы 3 жылдың ішінде аудан тұрғындарына 1179 жер учаскесі табысталды. Сондай-ақ, баспана мәселесін шешу жолдары қолға алынды. Өткен жылы аудан орталығында 18 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй 140 млн теңгеге сатып алынды. «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында: Жаңақорған кентінен 18 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы екі-үш айда басталады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. 

Сонымен бірге әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін 3 бөлмелі 20 тұрғын үйді сатып алуға жұмыстар жүргізілуде. 

Аудандағы тағы бір күрделі мәселе — халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазір Жаңақорған ауданында 35 елді мекеннің барлығы таза ауыз сумен қамтылған. «Талап-Сырдария топтық су құбырларының құрылысы» жобасы бойынша Сырдария өзенінің арғы бетіндегі және темір жол бойында орналасқан 19 елді мекен ауыз суға толық қосылды. Қалған тау беткейдегі 12 елді мекен биыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен өткен жылы басталған Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Жалпы айтқанда, сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындар үлесі – 91,4 пайыз. 

Газдандыруға келсек, ауданда Жаңақорған кенті газбен қамтамасыз етілген. Аудан орталығынан басқа да елді мекендердегі халықтың өмір сүру мен тұрмыс жағдайын, сондай-ақ, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында газдандыру жобалары әзірленуде. Бірлік, Қыраш, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден, Төменарық, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдарына газ жеткізу бағытында қыруар шаруа атқарылып жатыр. 

– Жаңақорғанда жұмыссыздың мәселесі қалай шешілуде? 

– Ауданда экономикалық белсенді халық саны 35 мың 854 адам, оның жұмыспен қамтылғаны – 34 108 адам, жұмыссыздар – 1746 адам. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз. 

2020 жылы 2046 жаңа жұмыс орынын құру жоспарланған еді, жоспар артығымен орындалып, 2165 жаңа жұмыс орыны ашылды. Тұрақтысы – 1836 немесе 85 пайыз. 

Ауданда 4 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 56 жұмыс беруші 392 бос жұмыс орынын ұсынып, нәтижесінде 92 азаматқа жолдама берілген. Биыл да жұмыссыздар санын азайтуға барынша күш саламыз. 

– Спорт пен мәдениетке қаншалықты көңіл бөліп жатырсыздар? 

– Ауданда 64 дене шынықтыру ұжымы, 349 спорт ғимараты бар. Біздің аудан мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі жобалар бойынша облыста көш бастап келеді. 2020 жылы 3 жоба іске асырылды. 2021 жылы 6 жоба қолға алынды.

Спортта жеткен жетістігіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Қуанышты жаңалықтың бірі, жерлесіміз Дəулет Ниязбеков 65 келі салмақта Токио Олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында Дәулет Ниязбеков 8 дүркін ел чемпионы, Ғалымжан Өсербаев 79 келіде жеңімпаз және Қанат Мұсабеков 70 келі салмақта күміс жүлдегер атанды. 

Ал мәдениет саласына тоқталсақ, Өзгент ауылдық округіне 100 орындық клуб салынады. Құрылысы былтыр басталған Шалқия кентіндегі клуб мамыр айында толық пайдалануға беріледі. Сыр елінің оңтүстік қақпасында орналасқан Жаңақорған ауданы өзіндік ерекшелігімен, тұмса табиғатымен танымал. Дегенмен, осындай үлкен аудан бола тұра заманауи үлгідегі музеймен қамтылмай отырған бірден-бір аудан. Біз осы мақсаттағы жұмыстарымызды облыстық мәдениет және архивтер басқармасымен бірлесіп жаңа музей салу жұмыстарын қолға алдық. 

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
  


Өзгелердің жаңалығы