Енді жаңа туған сәбиді SMS арқылы тұрғылықты мекенжайға тіркеуге болады

11 Маусым 2019, 17:28
2252
Бөлісу:
Енді жаңа туған сәбиді SMS арқылы тұрғылықты мекенжайға тіркеуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы уақытта жаңа туған сәбиді проактив тәсілмен мекенжай тіркеуіне қоюға болады, деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорацияcы бала туылуына байланысты проактив тәсілмен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізіміне мекенжай бойынша тіркелу қызметін енгізді. Аталған қызмет мемлекеттік корпорацияның бастамасымен ҚР ІІМ мен Әділет министрліктері базаларының интеграциялануы нәтижесінде жүзеге асып отыр. 

«Проактив тәсілі азаматтарға ешқайда шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар енді ғана сәбилі болған ата-анаға ХҚО-ға бармай, баланың бар құжаттарын реттеуге көмектеседі. Керегі – телефонға келген sms-ке жауап беру ғана», – дейді мемлекеттік корпорацияның төрайымы Әсемгүл Балташева. 

Корпорация таратқан ақпаратқа сүйенсек, енді жаңа босанған әйелдерге баланың туу туралы құжатын жасатып, балабақша кезегіне тұру және жәрдемақы алуға ұсыныс білдіретін sms хабарламамен бірге жаңа туған сәбиді мекенжай тіркеуіне қоюға мүмкіндік беретін хабарлама қоса жолданатын болады.

«Ереже бойынша дүниеге келген сәбидің ата-анасының біріне екі апта ішінде мекенжай тіркеуіне тұру жөнінде sms-ұсыныс жолданады. Сұраққа оң жауап берілген жағдайда баспана иесі өз мекенжайының тіркеу кодын енгізуі тиіс. Пәтер не үй баланың ата-анасының атында болмаған жағдайда баспана иесінің ЖСН-і қоса жолданады. Бұл ретте, проактив тәсілмен жолданатын sms-терді алу үшін баланың ата-анасының бірі міндетті түрде мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек», - делінген компанияның хабарламасында. 

1,5 жыл бұрын іске қосылған проактив тәсілімен 70 мыңнан астам баланың туу туралы құжаты беріліп, 13 мың бөбек балабақша кезегіне тұрғызылды.

Өзгелердің жаңалығы