Жан мен тән. Садху тақтасында тұру психологті алмастыра ма?
PHOTO
30 Қазан 2021, 16:42 19734

Жан мен тән. Садху тақтасында тұру психологті алмастыра ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кезде трендке айналған терапиялардың бірі - Садху тақтасы (шегеде тұру). Әлеуметтік желіде шегеге тұруды белгілі бір сомаға ұсынатындар қатары соңғы кезде біршама көбейген. Бұл терапия адамның жаны мен тәніне қалай әсер етеді? Бағамдап білейік.

Садху ілімі

Алдымен Садху мағынасына тоқталсақ. Садху – индуизм мен үнді мәдениетінде аскетиктерге, әулиелерге және йогашыларға қатысты айтылатын термин. Яғни, садху «дана» дегенді білдіреді. Үндістанда Садхгуру есімімен танымал тұлға да бар. Ол планетадағы адамдардың рухани және психикалық, физикалық жағдайын жақсартуға өмірін бағыштаған мистик, йогашы.


Садху тақтасы-көптеген тәжірибешілер мен медиаторлар қолданатын ерекше құрал.

Үндістанда мұндай тәжірибе жиі кездеседі. Асана мен йога тәжірибешілерінің көпшілігі өз өмірлерін жоғары жақсылық пен асылдыққа қызмет ету үшін беру үшін дүниелік игіліктерден өз еріктерімен бас тартады.

Табанда 70 мың жүйке талшығы орналасқан

Йогашы Лаура Алдоңғардың айтуынша, Садху тақтасы адамның ішкі энергетикасын сыртқа шығарады.


Садху тақтасы денсаулыққа өте пайдалы, себебі табанда 70 мың жүйке талшықтары орналасқан. Күніне 1-2 минут шегеде тұру ләззат сыйлайды. Мен де бұл тәжірибені күнде жасаймын. Бұл тақта психологті алмастыра алады. Себебі әртүрлі трансформациялық ойындарды өткізуге болады. Бұл жан деңгейінде ішкі толғаныстар мен кедергілерді, шекараларды пысықтауға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Йогашы атап өткендей, шегеге тұрарда белгілі бір ниеттің болғаны абзал.


Ешқандай ниетсіз тұруға болмайды. Себебі тәжәрибе кезінде энергия көп бөлінеді. Арман-мақсатты ойлап тұру керек. Мен өзіме келетіндерге 2 минут уақыт беремін. Себебі олар зорлықпен тұрмауы керек. Шегеге енді шыққан сәтте әркімде әртүрлі эмоциялар шығуы мүмкін. Организмде толық қан айналым жүреді. Сондықтан біреудің жүрегі айниды, екіншісінің басы айналады. Артық салмақ тастағысы кеп, іштегі өкпе-реніштен босағысы келгендер де шегеде тұру терапиясын пайдалана алады. Бұл- өте пайдалы жаттығу. Әрине, барлығына бірден шегеге тұрып кетіңдер деп те айтуға болмайды. Өйткені жол сілтеуші, ұстазды тапқан өте маңызды. Шегеде тұрар алдында қасыңда біреудің болғаны жөн, - деді ол.

Лаура Алдоңғар айтқандай, бұл - қуатты энергетикалық құрал.

Ол денедегі барлық шектеу мен кедергілерді, қысылған жүйке жүйелерін босатады. Ми мен психикалық жүйеге де әсер етеді. Бұл терапиядан көп энергия ағыны пайда болатындықтан арманды орындауға бағыттауға әбден болады, - деді йогашы.

Тәлімгердің тәлімі

Шегегеде тұру тәжірибесін топтық не жеке жүзеге асыруға болады. Оның құны 10 мыңнан басталады. Бір топта 6 адамнан көп болмауы керек. Себебі келген адамдар алғаш рет шегеге тұру кезінде қасында білкті маманның болғаны абзал.

Алдымен келушілерге 2 сағат көлемінде шегеге тұрудың пайдасы: психологиялық, рухани, физиологиялық әсері түсіндіріледі.

Шегеге тұруға болмайтын санаттар да бар, олар:

-онкология (ремиссия)

-бауыр мен өкпе аурулары бар науқастар

-қант диабеті

- 14 жасқа дейінгі балалар

-COVID-19 (ауырып жүргендер)

Біздің топқа тәлімгер болған Абай Әбділмановшегеге тұру терапиясын 2 жыл тәржірибелеп келеді. Жалпы рухани дамуға тыңғылықты түрде 7 жыл бұрын кіріскен.

Шегеге тұрудың пайдасын білгелі компьютерде жұмыс істеп отырған кезде аяғымның астына қойып отырамын. Бұл мидың үнемі қазіргі кезде жұмыс істеуіне әсер етеді. Әрине, оның адам денсаулығына тигізетін пайдасы зор. Шегеде тұруды әдетке айналдырғандар омыртқаға пайдасын тигізу үшін арқасына қойып жатады да, - деді тәжірибеші.


Садху терапиясының әсерін төрт бағытта қарастыруға болады дейді ол.

Физиологиялық әсер. Адамның салмағына байланысты аяқтағы қысым адам ағзасындағы тазарту, қалпына келтіру және емдеу процестерін бастайды. Бұл тіпті созылмалы ауруларды жеңуге мүмкіндік береді, - дейді ол.

Екінші бағыты - энергетикалық әсері.

Қытай медицинасы бойынша барлық ауру Ци - энергияның дұрыс емес ағынынан туындайды. Ал осы немесе басқа ауруды емдеу үшін денедегі Ци ағынын үйлестіру қажет, бұл энергия арналарының тоғысуына әсер етеді. Сондай-ақ шегеде тұру кез келген аскетизм сияқты адамға қосымша қуат береді, ең бастысы оны адам өзін-өзі жою үшін емес, өсу үшін дұрыс пайдалана білуі керек, - дейді Абай Әбділманов.

Оның айтуынша, шегеге тұрудың тағы бір пайдасы психологиялық әсер болып есептеледі.

Шегеде тұру стреске төзімділікті, шоғырлануды, сананы, ерік-жігерді қамшылауға, өз-өзіңді жеңуге және сәл жақсырақ болуға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, ең маңызды жеңіс - адамның өзін жеңуі. Осындай тұрақты жаттығу барысында сіз өзіңіздің психикалық күшіңіздің, өзіңізге деген сенімділіктің, қиындықтарды жеңу қабілетінің қалай шыңдалатынын сезінесіз, - дейді ол.

Сондай-ақ ол шегеде тұру нағыз рухани тәжірибе екенін айтады.

Шегеде тұру адамның эмоционалдық және физикалық реакцияларын бағындыруға мүмкіндік беретінінен басқа, шегелерде тұру оның аскетизм түріндегі жағымсыз әрекеттерінің салдарын ақылмен саралап, өмір жолында кездесетін кез келген жағымсыз жағдайлардан жеңіл шығуға септігін тигізеді, - деді ол

Сөзден іске

Садху тақтасына тұрғандағы әсерді сезіну үшін өзіміз де барып көрдік. Бұл тәжірибеге моральдық тұрғыда дайындалып барған абзал.

Себебі шегеге тұрған кездегі бастапқы 5 минут өмірдің ең қиын сәтіндей көрінеді. Бұл шын мәнінде олай емес болуы мүмкін. Бірақ адамның миы дене бұрын-соңды сезбеген жат құбылыстың әсерінің эмоциясына душар болса, барлығын қауіп ретінде қарастырады.

Бастапқы 5 минут ауырудың шарықтау кезеңі. Себебі ми осы уақытта адамға қорғануды, шегеден түсіп қауіпсіз, қалыпты өмірге оралуына бағытталған сигналдарды жібереді. Әр адамның эмоциясы әртүрлі болуы мүмкін. Кейбіреуі агрессияға беріледі, кейбіреуі жылайды, өксиді, тіпті кейбіреуі еріксіз күлуі де мүмкін. Осылайша, адам күнделікті өзінен-өзі жасырып жүрген шынайы тұлғасымен кездеседі.


5 минуттық ауырсынуды жеңіп, шегеден түсіп кетпей тұрған адам кейін өзіне алғыс айтады екен. Себебі 5 минуттан кейін ми бұл жағдайға да үйренеді. «Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді» деп бекер айтылмаса керек.

Одан кейінгі уақытта дене мен сананың бір толқында тоғысуы адамға эйфория сезімін сыйлайды. Алғашында шегеге тұрып сан-түрлі эмоцияның астында қалған адам мен сол жағдайды қабылдаған адам екітүрлі сияқты болып көрінеді. Шексіздік сезімі пайда болады, бұрын өзіңе проблема болып көрінген көп дүниенің маңызы жойылады. Бұл тәжірибені тазару деп қабылдауға болады деп топшыладық. Осылайша, қорқыныш пен қабылдау, тәтті мұң мен эйфория сезімін кештірген Садху тақтасында 60 минут тұрдық.

"Әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар" сөйлемі арқылы Садху тақтасында тұру тәжірибесін түсіндіруге болады. Өмірдің философиясы осындай болса керек. 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...