Жанғали Жүзбай: Күй сөйлеп тұрады

5 Шілде 2020, 11:25
3646
Бөлісу:
Жанғали Жүзбай: Күй сөйлеп тұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Жанғали Жүзбаймен ұлттық аспап туралы аз-кем әңгімелескен едік.

– Аға, бүгін елімізде Ұлттық домбыра күні. Бұл күнді күнтізбеде мереке деп белгілегенмен жалпы халықтың жүрегіне домбыраның қадір-қасиетін сіңіре алып жатырмыз ба?

– Біріншіден, бүгінгі Ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын! Жалпы домбырыны қасиетті деп айтқанымызбен қадір-қасиетіне аса жете алмай келеміз ғой. Бұл домбыра ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі үшін елордамыздағы Қазақ ұлттық өнер университеті көп жұмыс жасады. Қаншама дүниелер, қаншама құжаттар жинап, оның барлығын тиісті орындарға тапсырудың өзі жылдаған уақытты, жылдаған жұмысты талап етеді. Сол еңбек ақталып ЮНЕСКО-ның тізіміне енгенде домбырамыздың мәртебесі бір көтерілді.

Екінші, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы "Ұлттық домбыра күнін" бекітіп, ұлт аспабының мәртебесі тағы бір мәрте аспандады. 2018 жылдан бастап осы атаулы мереке елімізде үлкен деңгейде тойланып келеді.

Өткен жылы қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: "Домбырамызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылықтарды  жаңғырта беруіміз қажет", – деген сөзі қара домбыраның еліміздің бүгіні мен болашағы үшін қаншалықты маңызға ие екендігін аңғартты.

Президентіміздің осы сөздерінен кейін ел ішінде ұлттық аспапқа, ұлттық өнерге деген ерекше көңіл бөліне бастады. Үлкен қозғау салды. Соның бірі, "Қазақстан" ұлттық арнасынан көрсетілген мега жоба, "Мен қазақпын" жобасы, тағы бірі республиканың түкпір-түкпірін аралап жүріп ұйымдастырылған "Ұлы даланың көне сарындары" атты республикалық дәстүрлі музыка фестивалі. Бұл шараларды ұйымдастыруға қазіргі Президент кеңесшісі Ерлан Қарин мырза біраз күш салды.

Домбыраның үнін, қадір-қасиетін халыққа жеткізу үшін насихат керек. Бізде осы насихат жағы аздау.

–  Жаңа өзіңіз сөз қылған Мемлекет басшысының мектептерге "Домбыра" сабағын енгізу туралы пікірі қоғамда қызу талқыланып, қолдау тапты.  Сондай-ақ, күні кеше ғана осы бағытта сіздің оқушыларға арналған "Домбыра" атты жаңа оқулығыңыз жарық көрді.

– Иә, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мырза ұсыныс жасап, домбыра туралы оқулық дайындау керек екенін айтқан болатын. Бұл өзі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан дүние. Президентіміздің домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жөніндегі пікірінен кейін жалпы білім беретін мектептерде қасиетті аспабымызды оқыту жұмыстары қарқын алып, "Домбыра" пәніне арналған оқу құралына қажеттілік туындады. Өткен жылдың қараша айында Дархан Қыдырәлі мырза ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда "Домбыра" оқу құралының жобасын таныстырған еді. Міне, бүгін сол оқулықты аяқтап, тұсауын кестік.

Мен бұл оқулықты алғашқы музыкалық сауат ашу құралы ретінде заман талабына, бүгінгі оқу жүйесінің талаптарына сай қылып жасадым. Оқушыға күй тартып үйретуден бұрын домбыраны таныстыру керек. Сол үшін де алғашқы сабақтар домбырада тартуға жеңіл, балаға оңай халақ әндерінінен басталады. Қазір баланың барлығы бірдей емес. Ауыл балалары мен қала балаларының арасында айтарлықтай айырмашылық болатынын көп жағдайда ескере бермейміз. Сондықтан да жаңа оқулыққа шетелдің танымал әндерін де қостым. Мәселен, жалпыға таныс ағылшынның "Туған күн" (Happy Birthday to you), "Қоңырау" (Jingle Bells) секілді әндері ағылшынша және қазақша нұсқасымен қатар берілген. Одан бөлек түрлі ұлттардың да ең танымал әндерін, Елбасымыздың орындауындағы әндер енгізілді. 

Бүгінде қазақтың қара домбырасының күмбірлеген үнін, еш мемлекеттің музыкасына ұқсамайтын ерекше күйін күллі әлемге танытып жүрген дарынды ұлымыз Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "Дайдидау" әні нотасымен, Димаштың суретімен қоса берілді.

Осылайша, бірнеше тараудан кейін күй өнеріне, күй тарту сабағына келеміз. Оқулықта әр сабақтың соңында арнайы тапсырмалар мен логикалық, баланы дамыту сұрақтары қойылып отырады.

– Егер мектепке домбыра сабағы еніп жатса, оны қай сыныптан бастап оқытқан дұрыс?

– Менің дайындап шыққан оқулығыммен бастауыш сыныптан бастап оқыта беруге болады. Бірақ, білім саласындағы зерттеулердің нәтижесі бойынша оқушылар негізінен 6-7 сыныптарында домбыра үйірмелеріне қатыса бастайды екен. Сондықтан да, бұл оқу құралын сол 6-7 сыныптарға арналған деп шығардық. Енді, осы еңбегіміздің сәтті жүзеге асуын тілеп отырмыз.

–  Мектептерге "Домбыра" пәні еніп жатса маман тапшылығы болмайды ма?

– Айтсам таң қалатын шығарсың, бірақ еліміз бойынша домбырашылар тапшы. Қазір респуликалық мектептерде немесе ақылы мектептерде ғана болмаса, жалпы орта мектептерде арнайы домбырашылар жоқтың қасы. Тіпті кей мектептерде "Музыка" пәнінің мұғалімі аз. Той-томалақта ән айтып жүрген, аздап баянда ойнайтын біреулер "Музыка" пәнінен сабақ береді. Өзге саланың ұстаздары сабақ беретін жағдайлар да бар.

– Қазір мемлекеттік тіліміздің жағдайын айтып шырылдаймыз ғой. Кейде тілін көп адам түсіне бермейтін, ешкімге айқайлап айта алмайтын күйдің жағдайы қалай екен деген ой келеді. Жалпы күйдің бүгінгі жағдайы қалай?

– Күй мен тіл егіз. Қазақтың тілін түсінбеген баладан күйші шықпайды. Орыстың тілін өзінің ана тіліндей меңгеріп алған жігіттер бар, олардан мықты баянист шығады. Бірақ мықты күйші бола алмайды.

Негізі күй сөйлеп тұрады. Мәселен, "Ақсақ құланды" тыңдашы, Жошыға баласының өлгенін айтып тұр.  Немесе Құрманғазының "Аман бол шешем" күйін тыңда. Бастан аяқ "Аман бол шешем, аман бол" деп сөйлеп тұрады. Айтып отырмын ғой, күйде тіл бар. Біз өзі біраз мәдениетімізден айырылып қалған халықпыз. Күні кешегі деп айтайыншы, Дина, Құрманғазылардың кезінде күй тартыс мәдениеті болатын. Күйшілер бір-бірімен күй тартысып, ойдан күй шығарып дамып отырған. Арасында жеңген өнерлілерге кәде мен сыйды аямайтын. Қазір бұл мәдениетіміз жоқ. Күйдің қазіргі жағдайы осы. 
Өзгелердің жаңалығы