Жамбылға коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді

13 Шілде 2020, 16:31
1253
Бөлісу:
Жамбылға коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі шешілуде. 

Бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты назарында, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айталық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы "СК-Фармация" ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілігі туындап отырған дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген.

Нәтижесінде, 9-11 шілде аралығында 98 млн 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілді. Олар пневмония және COVID-19 вириусын емдеуге арналған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге жіберілуде.

Жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.

Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік, - дейді Марат Жұманқұлов.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларға да жеткізілмек.

Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде "Әмір және Д" дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген, - деді Жұманқұлов.

Басқа дәріханалар да қажетті препараттармен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда.

Өзгелердің жаңалығы