Жамбылдық кәсіпкерлерге келтірілген залал 54 миллион теңгені құрады
11 Қаңтар, 17:25 224

Жамбылдық кәсіпкерлерге келтірілген залал 54 миллион теңгені құрады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктен кейінгі Тараз қаласында жағдай тұрақты. Соның ішінде шағын және орта бизнес нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Бұл туралы Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, қаланың аумағында 11 блок-бекет орнатылған, олардағы тексеру-өткізу шаралары барысында проблемалар байқалмайды.

Блокбекеттерден өтушілерден арнайы рұқсаттама талап етілмейді, полиция борт пен жүксалғыштарды тексеруді жүзеге асыру үстінде. Күндізгі уақыттағы қозғалыс бойынша ешқандай шектеулер белгіленбеген. Ал коменданттық сағат кезінде, транзиттік жүкті қоспағанда, автокөліктердің қалаға кіріп-шығуына тыйым салынады, – деп түсіндірді Еркін Атымтаев.

 Аймақтағы кәсіпкерлік палатасының басшысы төтенше жағдай барысында келтірілген залалдар туралы мәліметтермен де бөлісті. Өңірдегі кәсіпкерлік саласына бүлікшілердің кесірінен келген алдын ала есептелген шығын сомасы 54 миллион теңгені құраған. Нақтылай айтқанда, биылғы 6-7 қаңтар аралығында Жамбыл облысында жекеменшік нысандарды тонау әрекеттері орын алыпты.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде бизнестің 9 нысаны зардап шекті. Олардың қатарында «Эврика», «Goodmaker» ЖШС-лары, «Technodom Operator» АҚ, «Марат», «M-market», «Newtech», «Иванова», «Тартыков», жеке кәсіпкерліктері бар. Енді осы нысандардың иелері шығындарын растайтын құжаттарды жинап, келтірілген залал көлемін есептеулері қажет. Қазіргі кезде зардап шеккен нысандардың тізімні Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына және прокуратураға жолдап үлгердік, – деді жауапты маман.

Ол палатаның Call-орталығына 6-11 қаңтар аралығында барлығы 12 қоңырау түскенін айтты. Олардың дені форс-мажор куәлігін алу, интернет желісінің болмауы, автомобиль көлігінің қозғалысы, блок-бекеттердің жұмысы, шектеулер мәселелерін қаузаған. 


Фото: дереккөз
Загрузка...