Жамбылдық жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде

15 Маусым 2019, 14:48
2687
Бөлісу:
Жамбылдық жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жамбыл облысы жастарын кәсіпкерлікке баулу аясында жаңа бизнес идеяларды жергілікті елді мекендерде іске асыру үшін 324 миллион теңге қаралған. Бұл қаражат қайтарымсыз грант түрінде әр адамға 3 миллионға дейін берілмек. Ал Байзақ ауданының жастары тың жобаларын ұсынып, осы гранттан еншілерін алмақ ниетте. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев әңгімеледі.   

«Бүгінде осы бағытта 3 жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 10 жасқа 505 мың теңгеден 50 миллион 50 мың теңге шағын бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грант түрінде беріледі», - деді әкім.

Сондай-ақ, онда 793 жасты жұмысқа тарту көзделіп отыр екен. Алғашқы тоқсанның өзінде 343 азамат жұмысқа орналастырылған. Оның 165-і «Жастар практикасы» бойынша жұмыс тапса, 50-іне ақылы қоғамдық жұмыс берілген. Ал әлеуметтік жұмысқа 35, ваканттық бос жұмыс орындарына 93 жас жолдама алыпты.

Рахматілдә Сегізбайұлы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсына 30 адамды қамту көзделіп отырғанын да мәлімдеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Байзақ ауданына 13 маман барған. 10 жас көтерме жәрдемақы алса, 3 отбасы тұрғын үй алу мақсатында несиемен қамтылған.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өз ісін ашуға ниет танытқан 29 жасқа дейінгі азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру бойынша да бірқатар шаруа атқардық. Бүгінде жұмыспен қамту орталығына тіркелген 117 үміткердің жетеуі «Бастау Бизнес» жобасын, ал үшеуі қысқа мерзімді үш айлық кәсіптік оқуды бітіріп, арнайы сертификаттарға ие болды. Бизнеске негізделген жобалары да дайын», - деді Р. Рахманбердиев.

Байзақ ауданы әкімінің сөзіне қарағанда, жоғарыдағы жұмыстар жалғасын таба береді. Сондай-ақ биылғы мамыр айынан бастап 50 жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2 айлық қоғамдық жұмысқа тартылыпты. Әр жасылелдіктің айлық жалақысы 42500 теңге шамасында болды.

Жастар жылына орай да онда игі шаралар қолға алынуда. Айталық, Үлгілі ауылы жастарының демеушілігімен жобалық құны 1,5 миллион теңгені құрайтын кіші футбол алаңын салу жұмысы басталған. Сонымен қатар Көкөзек ауылынан жеке кәсіпкер А.Жантаев өз қаржысы есебінен 5 миллион теңгені құрайтын жабық спорт залын және кіші футбол алаңының құрылысын жүргізуде. Кәсіпкер Л.Жабатаева да 1,5 миллион теңге қаражатын Сарыкемер ауылындағы орталық саябақта тұрғындарға арналған спорт алаңының құрылысын жүргізуге жұмсап жатыр.

Айта кетейік, Байзақ ауданы халқының 24,4 пайызы жастардан құралған. Олар «Жасыл ел», «Дипломмен - ауылға», «Жастар практикасы», «Серпін» жобаларына және аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларға белсене қатысуда.



Өзгелердің жаңалығы