Жамбылдық полицейлер жарылғыш заттар тасымалдаған азаматты ұстады

19 Ақпан 2019, 21:09
2166
Бөлісу:
Жамбылдық полицейлер жарылғыш заттар тасымалдаған азаматты ұстады

Астана, BAQ.KZ. 15 ақпанда Мойынқұм АПБ ЖПҚ қызметкерлері Жамбыл облысы Полиция департаменті ЖПҚ табиғатты қорғау тобының және ЖҚАЖ қызметкерлерімен бірлесе отырып өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел тас жолының 98-шақырымында Мойынқұм ауылының 38 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Ландкрузер 80» маркалы автокөлігін тоқтатты.

Жамбыл облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған көліктің жүк бөлігін тексеру кезінде «Амонит №6 ЖВ-200» жарылғыш заты бар 15 пакет, 17 капсула және 6 сым орамасы табылып, тәркіленді.

«Ұсталған азаматтың айтуынша, ол жарылғыш заттарды Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылынан шамамен 300 шақырым жердегі қараусыз қалған әскери ғимараттан түсті металдарды іздеу кезінде тапқан. Табылған затты құрамында алтыны бар кенді өндіру бойынша жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануды жоспарлаған», - делінген хабарламада.

Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, жарылғыш заттарды сатып алуға және тасымалдауға заңмен тыйым салынғанын білетінін айтты.

Аталған дерек бойынша сот-жарылғыш техникалық сараптамасы тағайындалды.

ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда оған бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

 


Өзгелердің жаңалығы