Жамбылдағы тұқым шаруашылығын дамытуға 1,5 млрд теңге бөлінді – Аманов

24 Шілде 2021, 20:27
1315
Бөлісу:
Жамбылдағы тұқым шаруашылығын дамытуға 1,5 млрд теңге бөлінді – Аманов

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар мен жобалар өз жемісін бере бастады.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтып берді. 

Мəселен ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биыл ауыл шаруашылығы саласына 20,6 млрд теңге шамасында қаралған. Бұл қаржының 10,1 млрд теңгесі өңірдегі 3 113 агротауар өндірушілерге субсидия, 3,5 млрд теңгесі қаржы институттары арқылы несие ретінде беріліпті.

Биыл Жамбыл облысында 768,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егіліп, былтырғымен салыстырғанда егістік көлемі 46,5 мың гектар алқапқа артты. Осыған орай егістік алқаптарын төмендетілген бағадағы минералды тыңайтқыштармен қамту мақсатында қазынадан 1 миллиардтан астам теңге бөлінсе, бүгінгі таңда оның 615 млн теңгесі игеріліп, қазіргі таңда жоспарланған 30 мың тонна минералды тыңайтқыштың 21,6 мың тоннасы сатып алынды. Бұл 58,5 мың гектар алқапқа ендіріліп, белгіленген жұмыс межесі 72%-ға орындалды, - деді Қайрат Тілеубайұлы.

Оның сөзіне қарағанда, тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау аясында 1 млрд 528 млн теңге қаржы бөлінсе, оның 168,3 млн теңгесі жұмсалған. Нәтижесінде 204 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидия ретінде мемлекеттік қолдау көрсетіліпті.

Зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары және аса қауіпті ағзаларға, карантинді нысандарға қарсы өңдеулер жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердiң құнын субсидиялау бойынша 119,8 млн теңге қаражат қаралған еді. Бүгінгі таңда 362 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 62,2 млн теңгеге келісіне 35 мың литр өсiмдiктердi қорғау препараттары алынып, 46,4 мың гектар жер өңделді, - деді басқарма басшысы.

Ол басым дақылдарды өндiрудi субсидиялау шеңберінде қант қызылшасы дақылының өніміне 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылғанын жеткізді. Субсидиялау қант қызылшасын жинау науқанына байланысты қазан-желтоқсан айларында игерілмек. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті және өнім сапасын арттыруды жүзеге асыру мақсатында бөлінген 5,3 млрд теңгенің 3,5 млрд теңгесі игеріліп, 1 082 шаруашылыққа субсидия үлестірілген. Осының нәтижесінде Жамбыл облысындағы мүйізді ірі қараның саны 535,9 мыңды құрап, 9,8%-ға, қой мен ешкі 3,5 млн басты құрап, 6,3%-ға, жылқы – 163,7 мың басты құрап, 9,7%-ға артқан.

Мал көбейген соң ет өндірісі – 4, сүт өндірісі – 1,4%-ға жоғарылады. Сондай-ақ ет экспортының өсуіне де өз септігін тигізуде. Атап айтсам, жыл басынан бері 3,1 мың тонна ет экспортқа жөнелтілсе, оның 2,7 мың тоннасы сиыр, 194 тоннасы қой, 161 тоннасы құс еті. Экспортталған жылқы еті әзірге 0,17 тоннаны құрап отыр. Сонымен бірге биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жоспарланған 5 мың мүйізді ірі қараның 266-сы, 50 мың қойдың 13122-сі сатып алынды, - деді Аманов.

Жыл басынан бері тұқымдық түрлендіру үрдісіне қатысқан мал саны ақпараттық-аналитикалық жүйеде 69 314 бас сиырды құрап, жоспардың орындалуы 68,4% болған екен. «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, 566 адамға несие беру жоспарланған болатын. Оның ішінде 1,7 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы, 750 млн теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаралған. Бүгінгі таңда алғашқысымен 467 адамға кейінгісімен 113 азаматқа 2,2 млрд теңге несие беріліп, қаржының 88,9%-ы игерілген. Нәтижесінде 1 860 бас мүйізді ірі қара, 13 562 бас ұсақ мал және 1 646 бас жылқы сатып алыныпты.

Жауапты маман «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлінгенін де мәлімдеді. Бүгінгі күнге оның 1,5 млрд теңгесі 698 агротауар өндірушіге субсидия ретінде төленген. Осының арқасында жылдың басынан бері салаға тартылған инвестиция көлемі 19,8 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 4,6%-ға артып отыр.

Өзгелердің жаңалығы