Жамбылдағы үдемелі бақ аумағы кеңейеді – Мырзахметов

22 Ақпан 2019, 11:43
2051
Бөлісу:
Жамбылдағы үдемелі бақ аумағы кеңейеді – Мырзахметов

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп беру жиынында мәлімдеді.

«Өндіріс көлемі, өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға салынған инвестиция артығымен орындалды. 40,3 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Кәсіпорындардың мәселелерін шешу үшін облыстағы барлық 439 қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға барып, әр кәсіпорынның паспорты жасақталды және оның қорытындысы бойынша арнайы карта әзірленді. Карта Астанада тиісті министрліктерде, қаржы институттарына арнайы баяндалды. Нәтижесінде, Картаға енген 27 кәсіпорынға қаржылай емес және 4 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілді», - деген Асқар Мырзахметов қаржы мен қолдауға мұқтаж кәсіпорындардың саны әлі де көп екенін атап өтті.

Ол облыс экономикасының барлық саласы оң сипатталып отырғанын және экономиканың өсуі бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,6% екенін айтты.

«Инвесторларға тиімді қызмет көрсету үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайтын арнайы орталық ашылды. Оның жұмыс тәртібі бекітіліп, 2025 жылғы дейін құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын 170 жоба іріктелді. Айта кету керек, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлердің саны 8% өсіп, 63 мыңнан асты. Өндірген өнім 321 млрд теңгені құрап, 5,6% өсті», - деді облыс басшысы.

Асқар Мырзахметов өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді жүйелі шешу үшін арнайы карта әзірленгенін айтты.

«Бірінші кезекте, егістік алқабын көбейту қаралып отыр. Есепті кезеңде егістік 38 мың га артып, 668 мың га жетті және оның электрондық дерекқоры жасалды. Картада сұранысы жоғары өнімдерге және озық технологияларға ерекше мән берілді. Айталық, үдемелі бақтар 30% артып, 625 гектарға жеткізілді. Алдағы екі жылда 1000 гектарға көбейткелі отырмыз. Яғни, жылдық өсім 500 гектардан болмақ», - деді өңір басшысы.

Есепті жиындағы мәліметке сәйкес, облыстағы суармалы жерлерді көбейту үшін арнайы механикалық отряд құрылған. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қажетті 46 техника сатып алынды.

Ақмарал ШАҒАТАЙ



Өзгелердің жаңалығы