Жамбылдағы 60 елді мекен медициналық нысанмен қамтылады

22 Ақпан 2019, 13:01
1799
Бөлісу:
Жамбылдағы 60 елді мекен медициналық нысанмен қамтылады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 1,5 жылда Жамбылдағы 60 елді мекен алғашқы медициналық көмек көрсететін нысанмен қамтылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп беру жиынында мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардағы 39 626 қызметкердің және жеке кәсіпорындардағы 21 мың жұмысшының жалақысы көтерілді. Бұдан бөлек 1 892 кәсіпорында 46 693 адамның жалақысы орта есеппен 20% өсті», - деді облыс әкімі. 

Облыс басшысының есепті баяндамасына сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 40 мың адам қамтылып, 21 500 тұрақты жұмыс орны ашылған. 

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға облыстық бюджеттен 919 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 64% артты. Сол сияқты, «Zhas Projeсt» жобасы аясында 206 жоба іске асырылса, жоба аясында жұмыспен қамтылған 762 жастың 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар», - деп есеп берді облыс әкімі. 

Өңірдегі денсаулық сақтау саласының жайына тоқталған Асқар Мырзахметов өткен жылы барлық медицина ұйымы 100% компьютермен жабдықталып, интернетке қосылғанын және барлық медициналық ұйым медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшкенін айтты. 

«Ақпараттық жүйелерге 774 мың адамның электрондық денсаулық паспорты енгізілді. Биыл бұл көрсеткіш 100% болады. Есепті кезеңде 39 медициналық нысан салынса, оның 29-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. Алдағы 1,5 жылда қалып отырған 60 елді мекенді алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен толық қамтитын боламыз. Бұдан бөлек, жедел медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін санитарлық авиация мен облыстық жедел жәрдем стансасы құрылып, 27 арнайы автокөлік сатып алынды», - деген ол қызмет сапасын көтеру үшін биылдан бастап барлық емдеу ұйымының жұмысын бағалайтын арнайы жүйе енгізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Жамбылдағы 7 500 аз қамтылған отбасының коммуналдық төлемдерін жеңілдетуге қаржы қарастырылады.

Ақмарал ШАҒАТАЙ

Өзгелердің жаңалығы