Бас жаңалықтар
Жамбылда биыл 7 100 гектар жерге тал көшеттері егіледі
25 Маусым 2021, 14:35 741

Жамбылда биыл 7 100 гектар жерге тал көшеттері егіледі

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, республика бойынша отырғызылатын 2 млрд ағаштың 140 млн түбі Жамбыл облысының орман қорына егілуі көзделген.

Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Баймахан Қошқарбаевтың айтуынша, осы мақсатта биыл 7 100 гектар жерге орман егу жұмыстары жоспарланыпты. Көктем айларында 3 100 гектар жерге 6 млн 214 мың дана сексеуіл мен қарағаш көшеттері отырғызылған. Олардың барлығы жергілікті әкімдіктің құзырындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің тұқымбақтарында өсірілген.

Келесі жылы 12 мың гектарға, 2023 жылы 17 мың гектар жерге орман ағаштарын отырғызу жұмыстары қолға алынады. Сондықтан өзімізді көшеттермен қамтамасыз ету үшін 26 гектар жерге – қарағаш, 180 гектар аумаққа – сексеуіл, 1,5 гектар алқапқа қылқан жапырақты талдардың тұқымдарын өсірудеміз. Жыл сайын мұндай тұқымбақтар көлемі ұлғайып отыратын болады. Біздің мақсатымыз – әр жыл сайын орташа есеппен 36 миллионнан астам түп көшет тарату. Ал 2022 жылға қажетті көшеттердің саны 19,8 млн дананы құрайды, - деді жауапты маман.
Ол биылғы көктемде отырғызылған сексеуіл көшеттерінің шығымдылығы орташа екенін де атап өтті. Ал қарағаш көшеттерінің шығымдылығы шамамен 80% екен.
Алдағы бес жылға арналған елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың өңірлік жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы 152 гектардан астам аумаққа 179 мың түп ағаш отырғызылуы тиіс. Ал біз мамыр айының соңына дейін жалпы 207,3 мың түп көшет егіп үлгердік. Олардың дені Байзақ, Қордай, Жамбыл, Жуалы аудандары мен Тараз қаласына отырғызылды, - деді Баймахан Қошқарбаев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...