Бас жаңалықтар
Жамбылда 42 500 теңгені 16 500 азамат алды
09 Сәуiр 2020, 22:26 487

Жамбылда 42 500 теңгені 16 500 азамат алды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 16 500 азамат 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемақы алды. бұл жайында жергілікті әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов айтып берді.

Қазіргі таңда әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш беру үшін 42500.enbek.kz сайты және @JambylObl42500Bot. телеграмм-бот жұмыс істеп тұрғанын еске салған ол атаулы әлеуметтік көмек аясында азық-түлікке 5 647 теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеу мақсатында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың тізімі нақтыланғанын да жеткізді.

Бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасыларынан 19 145 бала енді. Оларға Тараз қаласының және барлық аудандардың жұмыспен қамту бөлімдерінен 108 млн теңге төленді, - деді Тимуржан Бидайбекұлы.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, елімізде төтенше жағдай режімі жариялануына байланысты 2 АЕК-тен төмен емес мөлшердегі азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық құрамын үлестіру немесе шоттарына ақшалай қаражатты аудару үшін бірнеше санат бойынша тізім жасақталыпты. Оның алғашқысы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі 19 129 баласы. Екіншісі, бірінші, екінші, үшінші топтағы барлық мүгедектер, бала жасынан мүгедек немесе мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімімен отырған ата-аналар – 46 000 адам. Келесісі, ресми тіркелген жұмыссыздар, саны 12 000 азамат екен.

Өңірде аталған азық-түлік жиынтығымен барлығы 77 130 адам қамтылатын болады. Бір жиынтық үшін қаржыландыру мөлшері 5 567 теңгені құрайды. Ал барлығы – 1 288,1 млн теңге. Бұл соманың 1261,1 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінбек, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Айта кетейік, сонымен қатар "Нұр Отан" партиясы Жамбыл облыстық филиалы "BizBirgemiz" қорының қаражатынан Тараз қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы 7 473 адамға 50 мың теңге көлемінде көмек беру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында аз қамтылған көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтіміне алған азаматтар, зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алушылар), жетімдер (тұл жетім және бір асыраушысынан айырылған жетім балалар), Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...