Бас жаңалықтар
Жамбылда 16 мың оқушы онлайн оқи алмай отыр
26 Қыркүйек 2020, 19:55 151

Жамбылда 16 мың оқушы онлайн оқи алмай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында 16 мыңнан астам оқушыға қашықтан білім алу үшін компьютер мен гаджет қажет. Оқу жылы басталғалы аймақ мектептеріндегі 25 мыңдай компьютер мұқтаж отбасылардың балаларына таратылды. Алайда бұл жеткіліксіз. Тапсырыс берілген ноутбук, моноблоктар өңірге енді келе бастады. 

24.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Тұрсынбаевтар отбасында 5 бала өсіп келеді. Оның төртеуі мектеп жасында. Бұл үйде компьютер жоқ. Бұл шаңырақтың балалары сабақ оқып, білім алу үшін смартфонға телміреді. Кезекпен оқиды. Ал сабақтары қатар келген кезде үлгірмей жатады.  

Біз бірінші азанда біреуіміз оқып аламыз. Кешке біреуіміз оқып алып, жіберетінбіз. Конференциямен зуммен оқыған кезде видеозвонокпен бірдей болып қалады сабағымыз. Сол кезде біз оқи алмай біреуіміз кіре алмай қаламыз - дейді оқушы Темірлан Тұрсынбай.

Қазір өңірге республикалық бюджеттен бөлінген компьютерлер шетінен жеткізіле бастады. Алғашқылардың бірі болып Темірланға табыс етілді.  Енді ол бауырларыммен смартфонға таласпайтын болдым деп мәз. Бүгінгі күнге дейін осындай 7500-ден астам жаңа моноблок, ноутбук, планшеттер оқушыларға таратылған.   

Бір-біріне кедергі болмайды да. Әпкем өзінің уақытысында дер кезінде сабағын оқи алады. Өйткені қазір қашықтықта оқиды. Жаңа сабақтар өте қиын болады. Сондықтан дер кезінде мұғалімнің айтқанын құлағымен ұғып, конференциясы болсын, былай болсын дер кезінде оқыған ол пайдалы ғой. Сондықтан бұл өте бізге керек дүние болды. Қуаныштымыз. Көп рақмет! - дейді көп балалы ана Ләззат Бекжігітова.

Облыста осы сияқты 45 мың оқушы компьютерлік техникаға мұқтаж. Оның жартысынан көбіне мектептердің есебіндегі компьютерлер таратылып, мәселе біршама шешілген. Алайда әлі 16 мыңдай балаға онлайн оқуға арналған құралдар қажет. 

Қалған балаларға біз 18956 компьютер келеді деп күтіп отырмыз. Оныншы қазанға дейін келеді. Бұл жоспар бойынша осы компьютерлер келген кезде біз толық қажеттілікті жабамыз. Және бұл жерде артылатын компьютерлердің барлығын біз көпбалалы 4 баладан астам баласы бар отбасыларға екі компьютерден береміз - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова.

Соңғы статистикаға сәйкес аймақ бойынша 29 мың бала компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. Ал оқушыларды интернетпен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша жақын арада 16 мыңнан астам роутер жеткізіледі.  


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...