Жамбыл облысындағы шаруашылықтан алма көшеттерін сатып алуға бүкіл ел аумағынан келеді

15 Мамыр 2019, 21:47
2254
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы шаруашылықтан алма көшеттерін сатып алуға бүкіл ел аумағынан келеді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында алма сұрыптарының түр-түрі өсірілуде. Меркілік бағбан, "Совет" шаруа қожалығының иесі Совет Қалманбетов 2015 жылы 20 гектар жерге алма еккен. Ол Түркияның тәлімбағында көктеген күздік алманың үш сортын отырғызып, кәсібін жылдан жылға шыңдап келеді. 

«Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Тамшылатып суару мен алма көшеттерін сатып алуға мемлекет тарапынан субсидия берілді. Алманы өсіруге біздің ауа райымыз қолайлы. Таудың бөктері болған соң көшет тез бейімделіп, жақсы жетіледі. 2017 жылы 16 тонна өнім алсам, былтыр өнім көлемі гектарына 20 тоннаға өсті», - деді Совет Қалманбетов. 

Шаруаның айтуынша, бұл алмалар оңтүстік облыстарға бейімделген. Польша, Түркия, Испания, Германия, Еуропа елдері алма өсіруде бізден көш ілгері. Алайда, қазақстандықтар Қытай мен Польшаның алмасын ұната қоймайды екен. 

«Менің алма бағымнан 5-6 жылдан соң гектарына 60-80 тонна өнім алуға болатынын айтады мамандар. Бұл енді бақтың күтіміне байланысты болуы мүмкін. Егер барлық қажетті минералын мерзімінде берсе, жақсы агротехника болса, алма өз жемісін аямай береді», - деді бағбан. 

Айта кетейік, 2003 жылы элиталық шаруашылық атағын иеленген «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС да осы Меркі ауданында. Бұл шаруашылықтан көшет сатып алуға бүкіл Қазақстан аумағынан келеді. Мекеменің алмалары мен көшеттері жоғары сұранысқа ие, өз бағасын алған жеміс түрлері өсірілуде. Мұнда бүгінде 40 гектар бақ бар, негізгі табыс көзі көшеттер өсіріп, өткеру болып табылады. 


Өзгелердің жаңалығы