Жамбыл облысында қылмыс саны төмендеді

29 Мамыр 2020, 03:37
1027
Бөлісу:
Жамбыл облысында қылмыс саны төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің облыс тұрғындарымен онлайн-режимде есеп беру кездесуі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Жамбыл облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде өткізілді. Жанат Сүлейменов баяндама барысында азаматтарды жамбылдық полицейлердің жұмысының негізгі көрсеткіштерімен таныстырды.

2020 жылдың 4 айында тіркелген қылмыстардың жалпы саны 34,9%- ға төмендеді: ұрлық саны – 46.8%-ға, тонау дерегі – 18.5%-ға, қарақшылық оқиғасы – 60%- ға, бұзақылық – 21,2%- ға, мал ұрлығы 14,6%-ға төмендеді, - деді Жанат Сүлейменов.

Жыл басынан бері пәтер ұрлығын жасаған 44 адамнан тұратын 7 қылмыстық топ және мал ұрлаумен айналысқан 28 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ құрықталды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстар 49%- ға азайған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 4,5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке, 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін 94 сатушы мен кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департамент интернет желісінің мониторингін ұдайы жүргізеді, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде синтетикалық есірткі жарнамасы бар 21 сайт бұғатталды. Барлығы 4 ай ішінде есірткі дерегімен байланысты 191 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі анықталды, - деді Сүлейменов.

Бұдан кейін Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы тұрғындардан тікелей эфирде түскен сұрақтарға жауап берді. Онлайн трансляция барысында Жанат Сүлейменовке есту аппаратын сыйлағаны үшін 88 жастағы зейнеткер Сейдімхан Тілеуқұлов немересінің аккаунты арқылы өз алғысын білдірді.

Кездесу соңында Жанат Сүлейменов облыс тұрғындарына кері байланыс жасағандары үшін алғысын білдіріп, азаматтардан түскен өтініштердің назардан тыс қалмайтындығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы